Сайт мәзірі
» » АҢШЫ БАЛАЛАРЫ

АҢШЫ БАЛАЛАРЫ

Баяғыда бiр аңшы екi баласымен елсiз-күнсiз аралда өмiр сүрiптi. Аңшы мекен еткен арал малынған орман, аң мен құсы қисапсыз екен.

Сөйтiп, әлгi аңшының екi баласы өзi ойлағандай өр, адал, әрi қайырымды, әрi ер, құралайды көзiнен атқан мерген болып ер жетiптi.

– Жолбарыстай жыртқышты аңшының аңшысы ұстайды. Сақ болыңдар. Iзiн көрсеңдер, әуелi маған хабарлаңдар, – дейдi қарт аңшы екi ұлын әрi сақтандырып.

Күндердiң бiр күнi үлкен ұлы Жүнiс аңнан жалғыз қайтады. Көңiлсiз, жүрiсi де сылбыр, дел-сал.

– Балам. Еңсең неге түсiп кеткен? Не болды? Арал тыныш па? Бұл жерде сенi өкпелеткендей кiм бар? – дедi де, қарт баласының ренiш дегеннiң не екен бiл-мейтiндiгi есiне түсiп, iркiле бердi. – Әлде Оспанжанға...

– Жо-жоқ... Оспанға түк те болған жоқ, көке. Ол қазiр келедi. «Менi күтпей-ай қой. Құрған ауды көрiп қайтайын», – деп қалды.

Әке жүрегiнiң түбiндегi қобалжу сәл басылғандай болды. Әйтсе де, қарт аңшы көңiл түйткiлiн Жүнiстен жасыра алмады.

– Жаңа iз шалмадыңдар ма? Жаман айтпай жоқ, кiм бiлген. Бiр қателiк боп жүрмесiн дегенiм ғой.

– Жоқ, көке. Сол баяғы қарақұйрық, қасқыр, қоян, қабан, киiк қой, – дедi бала жiгiт.

– Ә, бәсе!

Жүнiс әкесiне тура қарай алмады. Ол кешегi өзi көрген жолбарыспен қайтсе де жалғыз алысқысы келдi. Абыройды iнiсi алып кететiндей, орманға қайта баруға асықты.

– Көке, ымырт үйiрiлгенше бiраз бар ғой. Дуадақ болса да атып әкелейiншi. Оспан қазiр келер, – деп, Жүнiс әкесiнен рұқсат сұрады.

– Бара ғой. Тек сақ болғайсың, қарағым.

Қарт аңшы балаларының жалған сөйлемейтiнiне сенетiн. Садағы мен найзасын қолына алып, ит тұмсығы өтпейтiн ұйысқан орманға бет алған ұлына сүйсiне қарап, қала бередi.

Жүнiс көзден таса болған кезде, орманның бiр шетiнен Оспан шықты. Күндегiдей емес, тым асығыс. Артына алақ-жұлақ қарап қойып, бүлкектей түседi. Қарсы ұмтылған әке:

– Оспанжан, тыныштық па? Неге асықтың? – дедi.

– Көке, мен жаңа жолбарыс көрдiм. Ағаш басына шығып, ақтиiн аңдып отыр едiм, байқамай өтiп кеттi. Сонау «Шiлөтпес» көлiнiң шығыс бетiнде жүретiн ақ сұр елiк бар едi ғой...

– Иә?...

– Сол жолбарысқа жем болыпты. Сүйегiн көрдiм. Лағын iздеп едiм, таба алмадым.

– Жолбарысты қайдан көрдiм дейсiң?

– Орманнан, Сiз «тиме» деген соң, сес бiлдiрмедiм. Әйтпегенде, күш сынасқандай-ақ жерге келiп қалған едi.

– Әке сөзiн тастамағаның – жiгiттiк. Найза, сауытыңды қолыңа ал да, тез әлгi Жүнiсжан кеткен жаққа тарт.

– Жүнiс... Жалғыз ба?

Олар орман iшiн шарлап, қанша айғайлағанымен, дыбыс берген жан болмады. Жаңғырық ұзап барып, керi шықты. Әке мен бала Жүнiстi таба алмай ұзақ жүрдi.

Осы бiр тырнақты аңның iзi оларды төңiрегiн қамыс, көмкерген көлге алып келдi. Әке мен бала саялы алаңқайға келiп отырды. Осы сәт бұлар келген ешкi соқпақтың оң жақ бетiнен лағын ерткен бiр елiк атып шықты. Аңшылардан қашқан жоқ. Қайта жақындай түстi. Тұла бойы қалтырап, артына жаутаңдап қарай бередi.

– Оспанжан, мынау не деп тұр, түсiнемiсiң?!

– Жақын жерде қауiп бар, «сақтай көрiңдер», – дейдi.

– Ә, қауiп дейдi? Оспанжан, жүгiр...

Сирек қамысты тоғайшыққа шыға келген Оспанның жүзi сұрланып кеттi. Жолбарыс Жүнiстiң кеудесiне алдыңғы екi аяғын салып, бұға түскенде, Оспан атып келiп жiбердi. «Сыр» ете қалған садақ оғы жыртқыш аңның маңдайына қадалды.

Арада орны толмас азалы күндер өттi. Бiрде әке ұлына:

– Оспанжан, сен анада бiр нәрсе айтып ең? Сол не сөз? – дедi.

– Көке, Жүнiс ағам тiрi күнiнде ылғи «Өтiрiк айтайын ба?» – дейтiн.

– Иә, мен елден шығандағанда, адам жанына ұрлана кiрiп алар пәлекет қылықтан аулақ болсын деп едiм. Оның өзi жұқпалы аурудай қайдан болса да табады екен ғой. «Өтiрiк» дедiң-ау, балам. Өтiрiк көп жатпайды, тез ашылады. Жалғанда өтiрiктен қаш, балам!

... Кейiн елi iшiне келген Оспан ел сүйер ұл, жалған сөзден жаны түршiгетiн батыр болыпты дейдi.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 6 260
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.