Сайт мәзірі
» » МҰСТАПА ҚАРТТЫҢ ӘҢГIМЕСI

МҰСТАПА ҚАРТТЫҢ ӘҢГIМЕСI

     Уықтөбе биiгiнiң солтүстiк сiлемi ұзын-ұзын сала болып, тепсеңi көл қамыс жазығына қарай созыла көлбейдi. Бұлтсыз көгiлдiр аспаннан жарқыраған ай сәулесi, әлде небiр ерекше көңiл сырын қозғағандай тамылжиды. «Желсiз түнде жарық ай» деген данышпан ақынның көркем де әсерлi лебiзi шырқалып тұрған тәрiздi. Осы бiр әсем түннiң мөлдiр де мүкiсi жоқ табиғатына тербелген Мұстапа қарттың ерте кезде басынан кешкен бiр уақиға, сондағы бiр осы өлкенiң түнгi бейнесi елестедi.

Ол алдында өркештене үюлi жатқан маржан дәннiң саяларына көз тастап бiр қозғалып қонды. Осы кезде Мұстапаның қасына жас жiгiт Нұржан келiп:

– Ата, бағанағы машиналар әлi оралған жоқ па?

– Келетiн уақыты жаңа болып келедi ғой. Кешегi бидайдың өзi сыймай қамба да аузы-мұрнына шықты десiп едi. Солардың астықты орналастыруы да қиын болып жатыр бiлем, – Мұстапа астық молшылығын мақтана сөйледi.

– Ата, осы биылғыдай астықтың мол шыққанын көргенiңiз бар ма? – деген Нұржан сұрағына:

– Шырағым-ау астықтың молшылығы түгiл, мына шиен даласына «ақ сеңгiр» алқабына астық өседi дегендi ойлаппыз ба? Әмiр ақын айтқандай: «Далбаса кедей; астық қайдан шығады салмаса кедей», – деп жер емшегiне аузымыз жаңа тидi емес пе. Астықтың азабын аз көргенiмiз жоқ. Астық iздеп талай қиын-қыстауға да кездескенiмiз болды.

– Ата, сонда астықты қайдан алатын едiңiздер?

Ол ұзақ ертегi ғой. Мен өз басымнан кешкен бiр ертегiнi айтайын. – Мұстапа өз басынан кешкен өмiр ертегiсiн бастарда Жиренайғыр биiгiнiң ақар-шақар болып ай нұрына мүлгiп тұрған шыңдарына көз тастап, сөз сабақтады.

– Ол бiр азап пен арпалыстың заманы ғой. Астықты егiп iздемей, азап шегiп iздеймiз. Сендер бiле қоймассыңдар, Итжон деген жерде тұз көлi бар. Ол сонау-сонау Бер пәктың бергi сiлемi. Оған барып тұз алып қайту деген үлкен жауапкершiлiк. Өйткенi ол аламан заман. «Бөрi жоқ деме бөрiк астында, жау жоқ деме жар астында», – деген ел нақылы тап сол кезде айтылған ғой. Ел жайлаудан етекке түсе, Жандар екеумiз Итжон-ға тұзға жүрдiк. Тұзды әкелiп, мына орыс қалаларына апарып астыққа айырбастаймыз. Қыстың көзi қырау, қызыл қарын бала-шағаның мал сүмесiнi сарқылған кез, көже-көлеңiн iздеуiмiз керек.

Қойшы, жолда әлденеше күн жүрiп Итжонға жеттiк Көкдомбақ көлiнiң суы сарқылып, тұзы бетiне шығып қабыршақтанған екен. Сортаңның бетiнен тұзды сыпырып, бiр-екi күндей сорғытып, көлiк тынықтырдық. Одан ұзақ жатуға болмайды. Ауыз су жоқ. Торсық пен қарынға құйып апарған суымыз бiтiп қалды. Сонан қойшы, екеумiз екi түйемiзге алты қаптай тұз теңдеп қайта жүрдiк. Елсiз шай қатқан дала ауыз суға әрең жетiп, сусындадық. Көлiк тынықтырдық. Алдымыздан кездесер ел iздестiремiз, ел қарасы көрiнбейдi. Азықты да бiтiрiп алдық. Сонан бiр шақта бiр биiк шоқыға iлiктiк.

– Осы алдымыз Бозой елiнiң күзеуi емес пе. Ел қарасы көрiнбес пе екен, – деп Жандар шоқының басына шықты да, ол бөркiн қолына алып маған атой бердi. Онысы ел қарасы бар дегенi, мен де қуанып кеттiм. Күн еңкейiп қалған, әлгi шоқының бауырында кiшкене бас-тауша көгал бар екен, соған түсiп, ат суладық, түйемiздi шөгерiп, оған да су бердiк. Бiраз тынығып алып, қарасы көрiнген ауылға тарттық.

Күн бата ауылға жеттiк. Қазақтың мақалы бар ғой, «қонақ таңдап қонады, ұры басынып ұрлайды» деген. Ауылдың орта жерiндегi ақбоз үйдiң сыртына келiп, – «қонақбыз» деп дыбыстап едiк, бiр жас жiгiт шығып: «Қонақ болсаңыздар аттан түсiңiздер», – деген сөздi баяу ғана айтып, бiздiң ат-тұрман, жүктi түйе, бас-аяғымызды сынай шолып өттi. Қомсына үн қатып, қонақшылдық қабақ көрсетпедi.

Бiз атымызды байлап, түйемiздi шөгерiп, жүгiн, тү-сiрiп, арқасын босатып үйге кiрдiк. Ұзын бойлы, арық-тау қара-сұр кексе әйел тыржия қарап ернiнiң ұшын ғана жыбырлатып есендiк айтты. Үйдiң iшi жасау-жабдықты көрiндi. Бiз аса төрлегенiмiз жоқ, шеткерiлей келiп отыра кеттiк.

Әлгi бiздi үйiне түсiрген жас жiгiт, бiзбен iлесе үйге кiрдi де, желең шапанын киiнiп, қолына атсоғар алып сыртқа шықты. Бiз үйге кiрерде көзiмiз түскен сырттағы мама ағашта семiздiктен тоқжарау болып жұмырланған тор шұбар ат тұрған. Аттың құлын мүшесi бұзылмаған. Жаясына кiсi жатып ұйықтағандай, екi құлағы тас төбесiнде, мама ағашты кемiрiп ойнап тұр екен. Әлгi жiгiт мама ағаштан атты шешiп алып мiндi де тайтақтата жөнелдi. Жайтаңдап жорғалай жөнелген шұбар аттың жүрiсiн көргенде қасымдағы Жандар: «Беу, жануар-ай!» – деп қалғаны. Қарасұр кемпiр жалт бұрылып:

– Қонағым, немене жылқы көрмеп пе едiң! – деп түйiле қарады.

– Бәйбiше, жылқы көргемiз ғой. Жiгiтi мен аты келi-сiп кеткен соң сүйсiнгенiм ғой, – деген сөздi Жандар қонақасының қамын ойлап, мақта бiлте шырға тартты.

Бiзге елеусiздеу ғана қонақасы бердi. Қара кемпiрдiң қарық қылмайтынын үйге кiргеннен-ақ бiлгем. Ептеп жөн сұрастырып едi, ауыл – жөнiмiздi дәл айтпадық. Кәсiбiмiз жүгiмiзден белгiлi. Ел жатарда бiзге төсектi шеттегi бiр қараша үйге салуға мегзеп едi, бiз түйемiздiң, атымыздың қасында боламыз, алыс жердiң жолаушысымыз, ат-көлiгiмiздiң амандығы жақсы. Және суыған соң атымызды отқа қоямыз деп, далаға атты жүгiмiз бен түйемiздiң қасына жататын болдық.

Күндегi әдетi ме, жоқ, әлде бiзден сезiктендi ме, дәл жатарда шұбар атты әлгi ақ үйге кiргiзiп, аяғына кiсен салды. Ол түнде бiздiң ойымызда ешнәрсе де жоқ. Алыс жол жүрiп ат қаққан, әрi ашыққан бiздер тамақ iшкен соң, шаршап ұйқы басып мүлгiп отырмыз.

Көптен бел шешпеген едiм, не де болса шешiнiп бiр ұйықтайын деп көйлегiме шейiн шешiп, киiмiмдi айқыра жамылып жатып қалдым. Басым жастыққа тиiсiмен-ақ ұйықтап кеткен екенмiн, бiрнәрсе бас жағымда тықырлайды. Дыбысқой сергек басым дыбысқа оянып кетiп, басымды жұлып алсам, бiр үйдей қара сиыр бас жағымда бiр нәрсенi шайнап жеп тұр екен. Не екен деп тұра байқасам шүберек жеп тұр екен. Сипаласам бас жағыма шешiп қойған менiң көйлегiм екенiн түсiне қойдым. Байқасам сиырдың аузында көйлегiмнiң етегi ме, әлде жеңi ме, әйтеуiр бiр кiшкене жерi ғана жалбырайды, өзгесiн жеп қойса керек. Жер көйлегiмдi жедi, бұл сасықтан кегiмдi алып қалайын деп, бас жағымда жат-қан алты таспа бұзау тiс қамшыны ала салып тұра ұмтыл-ғанымда қара сиыр ата жөнелдi, тек құйрығы ғана қолыма тидi. Жонын қуалата бiр-екi тартып жiбергенiмде сиырдың үнi бақ ете түсiп, шыбын-шiркей болып ұрып қашып келедi, мен құйрығынан жiбермей сойып келем. Сонша болмай қара сиыр мөңкiген тәрiздi бар пәр-менiмен оқысынан қарғып кеттi, сиырдың, құйрығы қолымнан шығып кеттi, жүгiрген екпiнiммен бiр жерге келiп күп ете түстiм. Құдай дес бергенде тiкемнен түсiппiн, құдық екен, суы тап иегiмнен келдi. Өне бойымды су басып барады. Тынысым азайып тұншыққандай демiм бiтiп әлсiрей бердiм. Қап, қара мәлiк, қылдың қыласыны деп кiжiней. Не керек, қолымнан келер еш қайрат жоқ. Жан-жағыма қарманып қолымды созғаныммен, шегендеген құдық емес, қолға iлiнер бұдыры жоқ, түк бiлiнбедi. Олай айқайладым, бұлай айқайладым, ешбiр тықыр, дыбыс естiлмейдi. Құдық ауылдан бiраз жер сияқты. Өйткенi қара сиырды әжептәуiр жерге дейiн қамшылағанмын. Iстер ылаж жоқ. Алғашқыдай емес, суға етiм үйрендi. Және су иегiмнен асқан жоқ. Екi қолымды көтерiп малтып дем алып өлмес қам iстедiм. Таң атар емес. Ойым – ақ таң атса, ел тұрса, бiреу-мiреу суға келсе, шығарып алар едi деймiн. Бiраздан соң таң саз бергендей болды. Өйткенi құдықтың iшiне таң ажары сезiк бердi. Сөйтiп тұрғанда бiр нәрсенiң тықыры шыққанға жоғары қарасам, құдықтың iшiне қарай бiр қара қауға салбырап келе жатыр. Суға төне бергенде қауғаны шап берiп ұстай алдым. Менiң ұстағанымды сездi ме жоқ кауғасы ауырлаған соң суды тартып алғысы келдi ме, қауғаны сырттағы кiсi тартты. Мен жiбермедiм. Қауға тартқан бiр келiншек екен, құдыққа еңкейiп менi көрiп қалып, шошып қалды бiлем. «Сұмдық, құбыжық», – деген сөздi айтты да, даусын қатты шығармай қауғаның сабын қоя берiп кейiн қарай шегiне бердi. Мен айқай салдым.

– Мұсылманның баласысың ғой, шошыма, мен адаммын. Қатеден осы құдыққа түсiп кеттiм. Қолыңда жiбiң болса мына құдыққа түсiршi, менi шығарып ал, – деп зарладым.

Келiншек естi адам екен, байыпты сөздi тыңдап, менiң сөзiме иланып, қайтадан құдықтың аузына келiп:

– Аз кiдiрiңiз, арқан әкелейiн, – деп барып бiр ар-қан әкелiп, құдыққа арқанның бiр ұшын түсiрдi. Мен арқанның бiр ұшын алып белiме байлап құдықты өрмелеп жоғары көтерiлдiм. Қанша айтқанмен әйел емес пе, менi тартып ала алмай, құдықтың аузына сырғанап келiп қалды.

– Ал, ендi шалқая тарт, мен ендi ырғып көрейiн, – деп бар салмағыммен ырғығанда, келiншектi ала-мала құдыққа қайтадан күп ете түстiм. Бұрынғыдан ендi жаман болды. Шұбатылған ұзын көйлегiне малтығып келiншек суға батып барады. Бағанағы жұлып алған қауғаның сабын құдықтың түбiне тiреп таяныш етiп келiншектi суға батырмай белiнен құшақтай көтерiп алдым. Келiншек аздап шошып қалған екен; жан қысыл-ғанда алам ар жағына не сақтайды, су iшiнде қалшылдап тұрып:

– Ағай, масқара болдық-ау. Бiздi мына құдықтың iшiнде бiрге көрген соң ана менiң аю енем мен сотқар есер қайным ойранды салады-ау. Менi таң атпай қандай сор түрттi екен құдыққа суға келетiндей, – деп қатты қамықты.

– Ешнәрсе етпейдi, адам баласы ғой, шынын айтамыз. «Ер жаңылып орға түседi. Құс жаңылып торға түседi» емес пе, – деп қайрат айтайын.

– Жоқ, ағай, олар менi жаңылып түстi демейдi. Әдейi түстi деп, өсекке таңады. Мен бiр торға түскен құстай, дозақта отырған жан едiм. Оларға сылтау табылды. Менi қор етедi. Егер осыдан тiрi шыға қалсаң, менiң Қордайдағы төркiнiме хабар етiңiз, – дедi. Төркiнiн сұрастырсам белгiлi ауыл екен. Ендi түсiндiм. Келiншек зорлықпен келiп отыр екен. Келiншек басындағы ауыр халiн сездiрiп үлкен қаупын айтты. Менiң өз күйiм қаншалық қиын болса да мына менi аяп адамшылық еткен келiншек тағдыры жаныма батып кеттi. Не де болса су тұтқынынан шыға көремiн деген оймен бар даусыммен айқай салдым.

Ел тұра бастаған кез, айқайым шеткi бiр үйдiң адамының құлағына шалынып, жүгiрiп келдi. Құдыққа қарап жiберiп келiншек пен екеумiздi көре сала сөз қатпастан кетiп қалды. Адам айтпаған мүсәпiрлiктiң бәрiн айтып, жалынып көрiп едiм, қайырылған жоқ. Шын пәленiң болғанын сездiм. Әлден уақытта құдықтың басына дуылдай дабырлап сөйлеп келiп қалған адамдардың дыбысы келдi.

Бiреулерi: «Осы құдықтың iшiнде кесекпен атқылап өлтiру керек», бiреулерi «алмай тастау керек, жатсын екi құтырған» дейдi. Бiреулерi: «Шығарып алу керек, сөйтiп тұрып төрт аяғына төрт қазық қағып, үстiнен мал айдау керек» дейдi. Әсiресе бағанағы бiз қонған үйдегi қара сұр қатынның үнi тым ащы шығады:

– Ана қара беттiң сазайын тарттыру керек. Бетiң тiлiнгiр, неге тұншығып өлмей тұр, – деп шабынады. Қасымдағы әйелге жаным ашып кеттi. Ешбiр кiнәсiз сорлы әйелге мен үшiн масқара болып қазiр өлiм жазасына бұйырылып тұр. Келiншектiң есi шығып кеттi. Не екенiн ұқпағандай талықсып кетiп бар салмағын маған тастап жiбергенде судың түбiне шым батып кете жаздадым. Әлден уақытта бiреу ашулы дауыспен:

– Ұстаңдар мынау арқаннан. Байлаңдар белде-рiңнен, – дедi. Алдымен келiншектiң белiнен байлап шығарттым. Артынан өзiм шықтым. Тiсiн қайрап кiжiн-ген ел. Бiресе ұрып өлтiрмек, бiресе керiп өлтiрмек болады. Менiң жолдасым да келiп тұр екен. Одан да ерiк кетiп қалыпты. Екеумiздiң атымызды ұстап байлап алыпты ауыл. Одан киiм сұрап киiп, аз бойымды жиып көпке қарап арыз айттым:

– Сiздер менi анықтап тексерiп жазалаңдар. Ал, менi айыптасаңдар да мына әйелдi кiнәламаңдар. Бұл адамда ешбiр кiнә жоқ, – деп бастан-аяқ болған уақиғаны айтып едiм, ешкiм сенбедi. Бiрақ, үстi-басы жұпыны ғана бiр қарт адам:

– Бұл баланы масқара қылған Дариға кемпiрдiң қара талағы екен ғой. Ол жайған кiрге қасқырша шабатын жебiр едi ғой, – дегенде сонда, қартты әкетай-ай, деппiн. Қанша айтқанмен адам емес пе, ақсақалдың сөзiне ел құлақ қойғандай болды. «Оның, жебiр екенi рас», – деген сөз әркiмнiң аузынан шықты.

«Қара сиырды алып кел», – деп бiр кiсi бұйрық бердi. Қара сиыр келгенмен, онан не белгi болсын. Түнде жеп қойған көйлектiң онда не жұрнағы тұрады. Бiреулер: «қара сиырды сойып, iшiнен көйлектiң шүберегi шықса сөзi рас, босатамыз. Әйтпесе айтқанымыз айтқан», – деген үкiмге тоқтағанда, ұзын бойлы аңсағай қара кемпiр:

– Қара сиырды сойғанша менi сойыңдар. Жан сақтап отырған жалғыз сиырымды қаңғырған жолаушының сандырағына сойғызбаймын. Кәне, сиырыма жақындашы, бiреуiңдi мына пышақпен жайратайын, – деп ұзын қара пышақты қонышынан суырып алып, қара кемпiр сиырдың бас жiбiне жармасқанда ұстап тұрған кiсiлер серпiлiп шыға бердi. Шын өлiм ендi болды. Айт-қанға иланбайды. Күмәншымыз сиыр едi, ол айғақтығынан құтылып кеттi. Менi танып «мына байғұска обал болды» дейтiн жан жоқ.

Әсiресе өкiректеп бәрiне басшылық етiп жүрген өзiмiз қонған үйдiң жас жiгiтi мен соның шешесi. Менiмен бiрге құдыққа түскен соның жеңгесi екен. Ағасы жолаушылап бiр жаққа кетсе керек, жеңгесi бiр үйде жалғыз екен. Мен болсам жас жiгiт, және кеше жөн сұрасқанда бiз сол келiншектiң төркiн жұртына туыс болып шыққанбыз. Келiншек болса бiр үйде жалғыз, бiр шатақ болды деп сол-ақ өңештеп болмайды. Келiншектiң әлгi бiр құдық iшiнде әлсiрей тұрып, зарлана, уайым айтқаны ақиқат зары екен ғой. Енесiнiң, қайнысының мына кiжiнiсiнде үлкен өшпендiк жатыр. Сыныққа сылтау таба алмай отырған өшпендi жандар қолынан келгенiн аямас деп ойладым.

– Шырағым, Үкiжан, саған не болды? Өз жеңгең мен өз қонағыңды жазалап, алмағың кiмнiң абыройы. Мұны өлтiргенде арты сұраусыз кетедi ғой деп ойлаймысың. Бұл да түзде туып, түнекте өспеген шығар, елi бар шығар. Ұят болады. «Ер жаңылып қолға түседi, құс жаңылып торға түседi», – деген. Не қыласың, қоя бер, – дедi бағанағы қарт.

Бұл сөз елдi ойландырды. «Қап-қап, болмас. Әттең өз қонағымсың, әйтпесе құныңды керiп алатын едiм», – деп бағанағы жас жiгiт бiздi босатты. Бiрақ жолдасыммен екеумiздiң түйемiз, тұзымызды алып қалды. Екi кiсi елден көппiз бе, өз атымыз, өз жанымыз өзiмiзге олжа, әрең дегенде босанып ауылдан шықтық. Жандар маған әлi тiл қатқан жоқ. Менiң өтiрiк айтпайтынымды бiлетiн. Бағана мен елге өтiл айтқанда, болған оқиғаны айтқанда, бәрiн естiген. Және мен кеңiрдегiмдi сорайтып жалаңаш етiме қой жүнi ақ шекпенiмдi киiп келем, ол да болған уақиғаның айғағы. Көйлектi сиыр жегенiне мұның көзi жетедi. Менiң ойымда мейiрiмдiлiктен ауыр ұят, аяусыз жазаға душар болған келiншек келе жатыр. Бiз атқа мiнiп жөнелерде жазықсыз бейкүнә жан сонау ашулы қара қатынның қањарлы тергеуiнде қалған.

Кей кезде шұбар аттың жұп-жұмыр оқтаудай әдемi мүсiнi елестеп, ат иесi жас жiгiттiң орынсыз әкiректеген бейнесiне кешiрiмсiз кек те қайнайды. Iлгерi басқан атымның басы кейiн тартқандай теңселем. Апта жүрiп, ауыр бейнетпен алып қайтқан қызыл қарын бала-шағаның азығы етер тұз қайда, түйе қайда, мазаққа олжа болып далада қалды. Осының бәрi түйiлiп келiп маған бiр ызғарлы ой салғандай болды.

Бiр көгалдау жерге келiп түсiп, ат шалдырып, өзiмiз аз дем алып отырдық. Жандарға өзiмнiң ойымды айттым:

– Мен түндегi бейкүнә келiншектi азаптан арашалауым керек. Ол әйел құдық iшiнде зарлап, өзiне үлкен қатер болғанын айтқан. Енесi мен кезбос күйеуiмен де көңiлi орнықпай жүрген көрiнедi. Мен сол келiншектi құтқаруым керек. Бар жан сақтар табысты қара кемпiр мен ана одыраңдаған Үкiжанның мазағына қалдыра алмаймын. Үкiжанға жер соқтырып кек алам. Соны iстемесем Мұстапа атым жер астында шiрiсiн, – деп бұра тартары жоқ, аптыға айтып қалдым. Жандар бiр беткей сөзге олақ мойыс жiгiт едi. Көп ойланып отырып:

– Өзiң бiл. Бiздiң осы жолымыз өзi бiр қыңырат-қыған қырсықты жол, – деп күңк ете түстi.

Сөз байланды. Күн еңкейгенше сол көгалда жатып ұйықтап алдық. Күн бата мен атқа мiндiм, Жандар сол жерде менi күтпек болды. Мен жортып түндегi ауылдың отырған адырына кiрiп, ауылға таяу бiр сайға бекiнiп жаттым. Ел орынға отырған кезде айдың, астымен жалаңаш ауылдың қасына келдiм. Етбетiмнен жер бауырлап жылжып ақ-үйдiң алдына таман жеттiм. Ақ үйдiң iшi дуылдаған кiсi. Шұбар ат мама ағашта бай-лаулы тұр. Сырттағы жер ошақта от жылтылдап, қазан қайнап жатыр. Бiр-екi әйел бiресе үйге кiрiп, бiресе жер ошақтары қазанды қарап, ас пiсiрiп жүр. Байқаймын қазандағы ет шамасы пiсiп қалған тәрiздi. Үйдегiлер не айтысып отыр екен деп сөз тыңдадым. Әңгiме менiң басымнан кеткен уақиғаны жаңғыртып айтысып жат-қан ел.

– Бекер босатқансыңдар, олар ұры ғой, тұзды сылтау қылып суық жолмен жүрген сұмдар болар. Не де болса мына қатынмен бiрге жоқ қылып жiберу керек едi, – деп дауыстары өте зiлдi шығады. Байқауымша келiншектiң күйеуi келiп қалған тәрiздi. Өшпендiлiгiм онан сайын өршiдi. Жылжи-жылжи шұбар аттың қасына келдiм. Шұбар ат бiр осқырына калды да мама ағашты айланып шиыршық атты. Ең жақсы жерi аяғында кiсен жоқ екен. Ақырын келiп басын шеше бергенiмде арт жағымнан бiр әйел келiп қалған екен. Сыр бiлдiрмей аттың басын байлаған кiсi болдым. Ол әйел үйге кiрген кезде, әлгi екi әйел қолдарына тұтқыш ұстап жер ошақтағы қазанды көтерiп кiргiздi. «Ал, ас әзiр, қол жуылсын», – деген сөз шықты. Осы кезде боз үйдiң қасындағы ақ отауға барып кiрдiм. Ондағы ойым осы қарбалас кезде ана келiншектiң халын бiлу. Мен кiрсем келiншек отаудың орта жерiнде жылғылдатып жаққан отты қағыстырып бүрiсiп отыр екен. Селк етiп шошынып қалды. Ақырын ғана: «Шошыма, сенi отқа тастап кетпейiн деп қайтып келдiм», – дегенiмде, өзi де ылажсыз отыр екен: «Менiң тiрi қалар түрiм жоқ, ағажан, құтқар, мен дайынмын», – дедi. «Жер тар, кешiкпелiк, мына қабақтың астына жет», – деп өзiм сыртқа шықтым. Үлкен үйдегiлер етке отырған екен. Ақырындап шұбар аттың қасына келдiм. Атты шешiп алып ақырын жетектеп ауыл сыртына шықтым. Мен қабақтан аса бергенде келiншек те келiп менi құшақтай алды. «Ағажан, тездет! – дедi. Келiншектi шұбарға мiнгiзiп, каңтарулы тұрған атыма өзiм де мiнiп тарта жөнелдiм. Жылға-жылғамен сызып бердiк. Артымыздан айқай-шу болып қуып бердi. Жаяу – жалпылы жете алмады.

Сол кеткеннен кете бардық. Жолға бөгелмедiк. Суыт тартып отырып мынау тұрған Жиренайғыр өзен-нiң басына барып бекiндiк.

– Ағалар, – дедi келiншек, бiр кезде, – менiң қай елдiң қызы, қайда баратынымды сұраған жоқсыздар. Мен болсам сiздердi де сұрағаным жоқ. Бiрақ, адаспаппыз. Мен мына Сұлутөрдегi Қасқарау қызымын. Менi ауылыма жеткiзiп салыңыздар. Ажалымнан, азабымнан  құтқарғандарыңызды ата-анам алдында өтейiн, – деп, қамығып көзiне жас алды.

Келiншек тiлегi орынды. Бiзге де осы адамды паналайтын жерiне жеткiзу керек. Ертеңiне ауылына апарып салдық. Келiншек төркiнi белгiлi ауыл екен. Бiздi сыйлап, болған уақиғаны бажайлап ұғынып, келiн-шектiң күйеуiне, құдаларына кiсi жiбердi.

Екi ел егер болып кiнәлiнi iздестiргенде, iс шындығына барды. Сонау менi құдықтан алып ортаға алғанда бас алқа айтқан қария барлық түйiндi шешiп, бiздiң түйемiз бен тұзымыз өзiмiзге тидi. Мiне, шырағым, бiр кездегi астық үшiн көрген бейнет, кешкен азабымыз осылай болатын. Бұл бiр ғана бiздiң басымыздағы емес, көшпелi, жер емшегiн ембеген қазақ аулының өмiрi едi.

Мұстапа осы әңгiмесiн аяқтаған кезде, машиналар да тiзiлiп жетiп қалды. Тағы еңбек думаны басталды да кеттi.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 066
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.