Сайт мәзірі

КIРПIШ

Қаланың күнгей жақ шетi қашаннан құлазып, жатушы өзi. Ол тұста жазды күнi мал жайылатын, балалар асыр салып, доп ойнайтын. Ал қысты күнi әппақ қар басып, алай-түлей боран түтеп тұратын. Бiрлi-жарым бейсауат өткен ат-шаналы жүргiншiлер мен шаңғы тепкен балалардың айқыш-ұйқыш iздерi ғана жататын.

Өткен жазда осы араға дүбiрлетiп көп құрылысшы келдi. Аспанмен тұтасқан тырна мойын жүк көтергiш крандар пайда болды. Көп ұзамай зәулiм биiк үйлер бой түзей бастады. Бұл ара Сәулелер тұратын ескi ағаш үйден онша қашық емес-тi. Бiрде Сәуле терезеден осылай қарап тұрды да:

– Әке, анау үлкен-үлкен үйлер кiмдiкi? – деп сұрады.

– Ол үйлердi бiзге салып жатыр. Бiткен соң, осында кiшкентай үйлерде тұратындар сонда көшедi, – дедi әкесi.

– Ой, әке! Шын айтасың ба?

– Шын айтам.

– Розаның, Мараттың үйлерi де көше ме?

– Көшедi, әрине.

Сәуле содан былай күн сайын әлгi биiк үйлердiң қасына келiп, қашан бiтер екен деп, ынтығып бақылап тұратын болды.

Бiр күнi Сәуле есiк алдында ойнап жүр едi, қасынан үлкен бiр жүк машинасы өтiп бара жатты. Үстiнде үйме етiп тиеген кiрпiшi бар. Бiр кезде машина арықтан өте берiп едi, сақыр-сұқыр етiп теңселдi де, бiр кiрпiш жерге түсiп қалды. Мұны керген Сәуле қол бұлғап, айқай салды. Бiрақ шофер естiмедi. Аялдамастан кете барды.

Сәуле жүгiрiп келiп, түсiп қалған кiрпiштi көтерiп алды да, машина соңынан жүгiрдi. Ол ентiгiп, алқынып, құрылыс басына келдi. Арада бiр сағаттай уақыт өткенде әлгi кiрпiш қабаты еңсесiн көтерiп, жылдам биiктеп бара жатқан үлкен үйдiң қабырғасынан өзiне құтты орын тауып, игiлiкке асты.

 

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 141
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.