Сайт мәзірі

ҚАРА ҚҰЛЫП

Бiздiң үйде сыртын әшекейлеп сырлаған үлкен ала сандық бар. Сандықтың iшi неше түрлi кәмпиттерге толы. Бiрақ сол сандықтың аузында үлкен кiсiнiң қос жұдырығындай қара құлып тұрады.

Қара құлып мелшиген, тастай суық. Сүйкiмсiз құ-лып. Зiп-зiлдей ауыр-ақ.

Апам ол сандықты тым сирек ашады. Онда да үйге қонақ келе қалғанда дастарқанға жақсы кәмпит салу үшiн ашады. Жайшылықта құмартып жүретiн кәмпит-тердi мен де тек сол уақытта жей аламын.

Бiр күнi бiздiң үйге апамның бауыры келдi. Ол кiсi өзiмен бiрге Жақан деген баласын да ала келiптi. Жақан менен бiрер жас үлкен. Бiз мәре-сәре боп, қуанысып қалдық. Жақанның келгенiне әсiресе мен қатты қуандым. Апам шай әзiрлеп, дереу әлгi сандығын ашты. Оның iшiнен тәттi кәмпиттерден уыс-уыс қып алып, дастарқанға салып жатыр. Менiң жоғары жағымда сандыққа мойнын соза қарап отырған Жақан:

– Кәмпиттерiң көп екен, – деп қояды.

Сол күнi түстен кейiн Жақан екеумiз үйде оңаша қалдық, – Кел, кәмпит алып жейiк, – дедi Жақан.

– Қара құлып ше?

– Пiшту, сөз бе сол да! – деп Жақан сирек тiстерiнiң арасынан шырт еткiзiп қойды. – Кәне, маған шеге та-уып бершi.

Мен оған құлыпты бұзуға болмайтынын айтып едiм, ол:

– Әй, өзiңнiң кәмпит жегiң келе ме? – дедi.

– Иә.

– Ендеше, неге тұрсың? Бар, тез бiрдеңе әкел. Мен жүгiрiп барып, қорадан шеге алып келдiм. Жақан тағы да шырт еткiзiп түкiрiп қойып:

– Қазiр сенiң қара құлпыңды... – дедi де, шеге құлыптың тесiгiне салып жiберiп, бұралақтатып айналдыра бастады. Мен оның бұл ожарлығына қайран қалып қарап тұрмын.

Қара құлып, өзi зiлдей ауыр құлып... Мәссаған ашылды да кеттi... Ала сандықтың iшiндегi орау-орау кәмпиттерге Жақан екеумiз қойын-қоншымызды толтырып алдық та, зытып тұрдық.

Кешкiсiн апам қабағы түсiп, бiздi жабырқау қарсы алды. Бiрақ ұрыспады. Қара құлып, өзi зiлдей ауыр құлып, ала сандықтың үстiнде жатыр.

– Апа, сандықтың аузын неге жаппайсың? – дедiм мен бiрде шыдай алмай.

– Жауып қайтем, бәрiбiр сен құлыпты ашуды үйре-нiп алдың ғой, – дедi апам. – Ақылың бар болса, кәм-питтi сұрап жерсiң, ақылың жоқ болса, ұрлап жей бер.

Мен не дерiмдi бiлмей, ұялып төмен қарадым. Содан былай ала сандықтың аузына құлып салынбайтын болды. Ал мен апамның рұқсатынсыз кәмпит алмайтын болдым. Ендi бiр күнi қара құлып ешкiмге керек емес болып, қораның бұрышында жатыр екен.

 

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 4 610
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.