Сайт мәзірі

МЫСЫҚ АРБА

Жабақтың ала мысығында маза жоқ. Жабақ оны ертеңнен қара кешке дейiн нан илегендей илейдi. Ала мысық етi үйренiп, көндiгiп кеткендiктен бе, қала жұмарласа да былқ етпейдi. Жабақ кейде құйрықтан ұстайды да, ыңқ еткiзiп алып ұрады. Бұ да түк емес, ала мысық басын сiлкiп-сiлкiп қойып, жүре бередi. Құя ұзын Жабақ мысығын киiз қаққандай қағып, жүн түткендей түтiп, кешкi тамағын iшуге мұршасы келмей, тұмсығынан сүрiнiп жығылады. Ал ала мысық: «Мына мазасыз ұйықтады-ау. Ой, не деген тентек бала едi? – деп ойламайды. Маймаңдап келiп, Жабақтың аяқ жағына бүк түсiп жатады да, пырылдай бередi. Ертесiне ала мысық елден бұрын оянса да, Жабақ тұрмайынша қозғалмайды. Бiр кезде Жабақ тұрады. Есiнейдi. Керiлiп, созылады. Көзiн уқалайды. Құлағын шұқылайды. Сосын аяқ жағында жатқан мысығын желкеден алады да, есiкке қарай лақтырып кеп жiбередi. Әбден жаттығып, шынығып алған мысық мұны пiшту құрлы көрмейдi, дәлдеген жерге қолмен қойғандай топ ете түседi де, сiлкiнiп алып, қайқаңдап жүре бередi. Күндегi күн осылай басталады.

Бiр күнi Жабаққа ойыншық арба әкелiп бердiм. Кiшкентайлығы болмаса, кәп-кәдiмгi арба. Әттең, мысықтай ғана есек болса, жегiп алып жүре беруге болар едi. Бiрақ ондай есек жоқ қой.

Жабақ бұл арбаны итке жекпек болып дi, «қойсаңшы ондай қалжыңды» дегендей, Бөрiбасар арс етiп бiр ырсиды да, тайып отырды. Бөрiбасардың мiнезiнен түңiлгеннен кейiн бұл арбасын мысыққа жекпекшi болды. Шiркiн, ала мысыққа не жетсiн! Арбаға жекпек түгiл, ерттеп мiнiп алсаң да бүлк етпейдi. Жабақ дереу мысығын алып келдi де, арбасын «жегiп», достарына мақтанбақшы болып, далаға алып шықты. Бiрақ төңiректе ешкiм көрiне қоймады. Мысықты әрi-берi жетектеп көрiп едi, арбасы кәдiмгi арба секiлдi даңғырлап, дөңгелектерi шықылдап, ауланы азан-қазан еткендей болды. Жабақ мына iсiне мәз болып жатқанда, тiлiн сала құлаш қылып Бөрiбасар жетiп келгенi. Ала мысық арқасын күжiрейтiп, мұртын едiрейтiп, «фыр-фыр» еттi де, арбаны салдырлатып, тұра кеп қашты. Мысық десе жыны бар Бөрiбасар қуып ала жөнелдi. Мысықтың аяғы анда бiр тиiп, мында бiр тиiп, отырғаннан отырып, есiктiң алдындағы теректiң басына бiр-ақ шықты. «Мынау бiр жынды мысық екен» дегендей, Бөрiбасар арсалаңдап жөнiне кете бердi. Сосын мысық жерге түспек болып едi, арбасы құрғыр бiр бұтаға iлiнiп, салаңдады да қалды. Мысық көшенi басына көтерiп, адам шошырлық дауыспен мияулады. Бiр шатақтың боларын сезгендей, Жабақ үйге қарай зытып кеп бердi.

Бақтың көлеңкесiнде ұйықтап жатқан Сәрсенбi шошып оянып:

– Бұ немене, дүние азан-қазан боп кеттi? – Сосын мысықты көрiп:

– Ә, бар болғыр Жабақ, қайдағы бәленi қайдан ойлап табасың? Iстеп жүрген iсiн қарашы мынаның ей, ә? Жаңадан көзiм iлiнiп бара жатыр екен, әй, бақ-ай! – деп шала бүлiндi де, қорасынан ұзын сырық алып келдi. Әрең дегенде алқынып-аптығып, мысықты түсiрiп алды.

– Арба жегiп қойған ба мынаған. Әй, Жабақ-ай, қайдағыны шығарып, – деп Сәрсенбi атай арба шан-дылған мысықтың үстiнен жiбiн шешiп жатты.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 343
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.