Сайт мәзірі

ЖЕТI ШАЛ

Жабақ жетiге келгенше Сәрсенбi атасының арқасынан түспей, асқа барса асқа, тойға барса тойға барып, ауыл шалдарының арасында өстi. Ақ сақал, қара сақал қариялардың бәрiн бiрге ойнап жүрген достарындай жақсы бiледi.

Сол Жабақ биыл атасының арқасынан түсiп, мектепке барған. Қазiр бiрiншi класта оқып жүр.

Бiр күнi сабаққа кеткен Жабақ шашы жалбырап, танауы делдиiп, жеңiне сүрiнiп, етегiне шалынып жетiп келдi де:

– Ата! – дедi мылтықтан атқандай.

– Әу, қарағым, о не?! – дедi Сәрсенбi қарт, үрiккен танадай тапырақтап келген немересiне таңырқай қарап.

– Бiздiң мұғалiм сабаққа жетi шал шақыратын болды. Iшiнде сiз де барсыз, – дедi Жабақ бiр сөзi бiр сөзiне сүрiнiп.

Асығып-аптығып сөйлеп кеткен немересiнiң сөзiне атасы дұрыс түсiне алмады.

– Күшiк-ау, сөзiңнiң «қабығын» аршып, анықтап айтшы, – дедi шал, үстi-басы шаң-шаң баласының маңдайынан иiскеп.

Жабақ оң қолының ту сыртымен мұрнының астынан көлденеңдете бiр жүргiзiп алды да:

– Мұғалiм ағай мектепке жетi шал шақыратын болды. Бiрiншi күн – Дүйсенбi болады, екiншi күн – Сейсенбi, үшiншi күн – Сiз, Сәрсенбi болады. Сосын кезекпен Бейсенбi, Жұмабай, Сенбi, Жексенбi аталарым келетiн болады. Сiз келесiз бе, ата?

Сәрсенбi қарт қалақтай немересiнiң арқасынан қағып, қарқылдап күлдi.

– О, ес жоқ, күшiк-ау, жөндеп түсiнбегенсiң ғой. Дүйсенбi деген Дүйсенбi шалдың аты емес, күннiң аты. Орысша пенделiк дейдi. Сейсенбi – Төрнiк болады. Сәрсенбi мен емес, ол да күннiң аты. Орысша – среда деген сөз. Менiң Сәрсенбi болып жүргенiм, осы Сәрсенбi күнi туғанмын. Басқа шалдар да сондай.

Күлкiсiне шашалып, күркiлдеген шал немересiне жетi күннiң аты-жөнiн әрең түсiндiрдi.

Жабақ тұңғыш рет қазақша күн аттарын осылай үйренiп едi.



Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 1 919
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.