Сайт мәзірі

ЖАСЫРЫНБАҚ

Шөп қалың өскен, астық бiтiк шыққан бiр берекелi жаз болса керек. Каникул кезi. Ауыл етегiндегi сазға шығып, Жабақ бiр топ жолдастарымен жасырынбақ ойнапты. Ары ойнап, берi ойнап, Жабақ шаршайды. Ал басқаларының ойыны қанар емес. Тiптi қона-жата ойнайтындай түрлерi бар: «Жасырынамын деп, жасырынған жерiмде ұйықтап қалып, екi ортада далада қалармын. Iздейтiн кезегiм келгенде бiр айла жасайын да, үйге кетейiн» деп ойлайды Жабақ.

Содан күткен сәтi жеткенде Жабақ:

– Мықтап жасырыныңдар, мен таба алмайтын болайын. Егер тауып алсам, бастарыңнан мәтек аламын. Егер таба алмасам, сендер менiң басымнан мәтек аласыңдар. Келiстiк пе? – дейдi көзi күлiмдеп.

– Келiстiк.

– Келiстiк, бiрақ бiз мықтап жасырынуымыз үшiн сен ең құрығанда отызға дейiн санайсың. Жарай ма?

– Жарайды, тiптi елуге дейiн санайын. Егер тауып алсам, уәде жаңағы – мәтек.

– Бiрақ сен тез санама, жайлап сана. «Бiр» деп бiр демаласың, «екi» деп екi демаласың.

– Жақсы, келiстiк!

Жабақ бетiне тақиясын киiп, талға сүйенедi де: «бiр» деп қояды, сәлден соң «екi» деп қояды. «Үш, төрт» «бес»...

Басқа шерттiру оңай ма? Әркiмге өзiнiң жаны тәттi. Балалар тым-тырақай, албастыдай қашқандай, бет-бетiмен, басы ауған жаққа жан сауғалап, дүркiреп жөнеледi.

Ал ендi бұ саздағы шөптен атты кiсi көрiнбейдi. Оның үстiне атын адам бiлмейтiн неше түрлi тарбиған, жарбия ағаштар көктей үйген шөмеле секiлдi көп тұста көз тұндырады. «Бұ жерден көрiп қояды, ана жерден бiлiп қояды, адам таппас жерге тығылайын», – деп жер тандап, тым-тым ұзап кеткендерi де бар. Жабақ елу емес, үзiп-созып онға дейiн санады да, тақиясын түзеп киiп, үйiне қарай қайқайды. Үйге келiп, ашыған көженiң суын iшiп, артынан тоңазыған ет жеп, тыңқиып тойып алды да, төсегiне аунай кеттi. Шөп арасында тығылып жат-қан достарының халiн ойлап, мырс-мырс күлiп жатып көзi iлiнiп кеттi.

Шынында да достарының халi қиын едi. Күн ыстықта шөп iшi қандай қапырық. Оның үстiне «тауып алса шекемнен шертедi-ау» деп жүрегi дүп-дүп соғып, желкесi терлеп, тырп етпей жату қай бiр рақат дейсiң. «Таба алмаса, Жабақтың шыңғыртып тұрып шықшытынан шертем» деген мият етер бiр ғана үмiт бар. Сол үмiттi күтiп, әркiм әр жерде тың тыңдап жатқандай құлағын түрiп, аузымен дем алып, ары жатты, берi жатты, iздеушiден дыбыс жоқ. Тiптi қарындарынан сыз өте бастаған соң бас көтерiсiп едi, Жабақ түгiл сайтан да жоқ. Сәске кезiнде Жабақтан жасырынған балалар түс ауа ендi оны iздеуге шықты. «Ақымақ болдық-ау!» дегендей бiрiне-бiрi қарайды.

... Бiр кезде топырлап бiр топ бала Жабақтың үйiне кiрiп келдi. Бұл оқыс суық жүрiстен шал шошып, бастап кiрген танаулы тапал бала:

– Ата, Жабақ қайда? – дедi, дәп бiр iнiсiнен сұрап тұрғандай дүңк еткiзiп.

– Е, қайтейiн деп едiң? – дедi қарияның көңлi орнына түсiп. Жабақ бұлар келгеннен-ақ оянып, сөздерiн тыңдап жатыр едi, жүгiрiп келiп:

– Сендер жындымысыңдар? Бүгiн таба алмасам, ертең тауып алатын едiм ғой, жатқан жерлерiңде жата бермейсiңдер ме? Мұндай ойын болмайды. Бүйтетiн болсаңдар, мен сендермен ешқашан ойнамаймын. Жасырына берiңдер, мен қазiр барып iздеймiн, – дедi ештеңе болмағандай, көзiн уқалап тұрып.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 3 283
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.