«ДАУЫЛДЫҢ» ДАУЫ
Сәрсенбi ақсақал былтырдан берi өзiнiң немересi Жабақпен дос болып алды.
Екеуi ауыл сыртындағы қырға шығып, ұзақ әңгiмеге көшедi.
Әңгiмелерiнiң аяғы кейде айтысқа, одан айғайға дейiн барып, араздасып қалатын кездерi де болады.
Бiр күнi ата мен бала қатты қақтығысып қалды. Жабақ атасына, яғни досына өкпелеп, сабақтан келi-сiмен бүк түсiп жатып алды. Досының бұл жатысы Сәрсенбi ақсақалдың жанына батты бiлем:
– Әй, сен жөнi жоқ тыпырлай бермей, көтер басыңды! Мынаған қарасаңшы, – дейдi, арабша жазылған бiр қағазды жазып жiберiп.
– Бәрiн қате жазып алып, адамның басын қатырасың, – деп немересi терiс қараған бойы тырп етпей жатыр.
– Әй, айналайын балам-ау, әлгi қағазыңды алшы сен. Ұрыспай, таласпай тексерейiк, – деп Сәрсенбi немересiн бетiнен сүйiп, тамағынан иiскелеп, жалынып, тұрғызып алды.
Жабақ та қалтасынан қағазын алып, жайып салды. Ата мен бала қарама-қарсы, малдас құрып отыр. Әрқайсысының алдында бiр-бiр жапырақ қағаз. Үлкендiгiн көрсетiп, сөздi атасы алды:
– «Дауылда» қазiр 33 ұпай бар. Рас па?
– Рас.
– Ана жақтағы «Айқайдың» жеңiлiсi «Дауылдың» пайдасына шешiлiп отыр. Рас па?
– Рас.
– «Найзағай» командасы «Кемпiрқосақтан» 21 болып жеңiлдi ғой. Рас па?
– Өтiрiк! Екеуi тең ойнады ғой, ататай-ау! Арабша жазам деп әлдене жазып қоясың да, қырдың басына шығып алып, менiмен кешке дейiн дауласасың, – деп Жабақ күйiп кеттi.
– Иә, айтпақшы, тең ойнаған екен ғой. Өзiм қате жазып қойыппын. Кешiр, балам, – деп, Сәрсенбi досынан жеңiлiп, жөнiне көшедi. Сосын сақалын сылап, мұртын ширатып отырып:
– Ал ертең сабақтан шыққан соң ойынға айналып қалмай, үйге тез кел. Бөгелмей, дереу Алматыға кетемiз. Бұл соңғы ойын ғой, көрiп қайтайық. Айтса, тағы өкпелейсiң. Менiңше «Дауыл» «Құйыннан» жеңiледi.
– Неге жеңiледi?
– Мен бiр ыңғайсыз түс көрдiм, балам, түсiмде «Дауылдың» қақпасы орнында жоқ екен. Бұл жақсылық емес, балам.
– Не көрсеңiз де ертең «Дауыл» жеңедi. Кел, бәс болсын, ата.
– Ал бәс болса, бәс болсын.
– Ертең «Дауыл» жеңсе, сiз маған бiр кило кәмпит алып бересiз.
Екi дос осыған келiсiп, татуласты.
– «Дауылда» қазiр 33 ұпай бар. Рас па?
– Рас.
* * *
«Дауыл» мен «Құйынның» ойыны кескiлескен қым- қиғаш майдан болып басталды. Доп зар еңiреп қарсы ластың қақпасына тақап қалғанда, осындағы айқай шудан жер сiлкiнердей болады. Мұндай кезде Сәрсенбi ақсақалда айқай жоқ, тек: «Қап, бәтшағар-ай!» – деп насыбайдан бiр атып жiбередi. Бiр кезде «Дауылдың» дауылпаздары допты қарсыласынан жырып алып, аңы-ратып айдады да кеттi. Доп ботадай боздап, ұшып келедi. Стадион жамырып кеттi. Зеңбiректен атқандай шыр-қырап келе жатқан доп ойбайды салып барып, қарсыластың қақпасына қойды да кеттi. «Гол!».
Сәрсенбi ақсақал немересiнiң бетiнен сүйдi де, қағазын алып, «Дауылға» өзiнiң арабшасымен бiр ұпай жазып қойды. Жабақ та қағаздағы «Дауылға» бiр ұпай қосты.
Ата мен баланы бiрде дос қып, бiрде араз қып жүрген «Дауылдың» осы ұпайы едi.