Сайт мәзірі
» » ҚАЙМАҚТЫҢ АЗАБЫ

ҚАЙМАҚТЫҢ АЗАБЫ

Бiздiң ауылда баяғыда Тайлақ деген кiсi болды. Тарамыспен тас жамаған шебер етiкшi едi. Бұ кiсiнiң әйелi Аймақ апай колхозда сауыншы болатын. Осы Тайлақ атайдың Байбақ және Жайнақ деген бiз қатарлы екi ұлы болды.

Қаймақ көрсе, Байбақ тамсанып, бiр жұтынып қалатын. Тек Байбақ емес, қаймақ десе, Жайнақтың да көзi жайнап, көмейiнiң бүлкiлдейтiн ыңғайы бар едi. Айтпақшы, қаймақты бұл екеуiнiң Мойнақ деген итi де жек көрмейдi.

Ал мен болсам, ол кезде жұрттың «Дәуiрдiң баласы адам болды» деуiне қарағанда, жаңағы Тайлақтың балаларынан кәдiмгiдей үлкендiгiм бар, ересектерге таяған кiсiмiн. «Кiсiмiн» дейтiнiм, колхоздың бақандай бiр өгiз арбасын айдау, соғыс кезiнде дәп бiр самолет айдау-мен бiрдей беделдi iс едi. Сондықтан жұрт арба айдаған баланы «адам» болды деп, арқасынан қағатын.

Бiздiң үйде тауық көп. Ұзын саны жүзге жетiп жығылады. Ал осыншама тауықтың жұмыртқаларын жер жұтып кеттi ме, әйтеуiр сайда саны, құмда iзi қалмай, құрып кететiн кездерi болып жүрдi. Содан тауықтарымды тәртiпке салайын деп, сыртқы есiктiң табалдырығы астынан екi қораз қатар кiрiп шығардай қуыс қазып қойғанмын. Тауықтар осы ақылыма түсiнiп айтқанымды iстеп жүр ме екен деп, бiр күнi түс кезiнде үйге келсем, табалдырықтың астында бiр баланың мықыны көрiнедi.

Тайлақтың баласы екенiн табанынан таныдым.

– Әй, бұл қай жатыс?

– Жай жатырмын, аға, – дейдi аяғының башпайларын шырт-шырт еткiзiп қойып.

– Жай жатсаң, үйiңе барып жатпайсың ба?

– Шыға алмай қалдым, аға.

– Шыға алмасаң, мұнда не iздеп, кiрiп жүрсiң? Онда үн жоқ. Бұл жатқан Жайнақ едi.

– Байбақ қайда? – деп әлгiнiң бүйiрiнен түртiп қалдым.

– Осында отыр, аға, – дедi.

Есiктi ашсам, бұрышта Байбақ отыр.

– Әй, не қып отырсың?

– Әшейiн... – деп төмен қарайды.

Қазанды ашып қарасам, қаймақтың түгiн қоймай жеп қойыпты.

Жайнақ табалдырықтың астында не ары, не берi шыға алмай кептелiп қалған екен, суырып алдым.

– Ал, қаймақты қайсың жедiңдер? Кәне шындарыңды айтыңдар.

Екеуi тұрып-тұрып, қорыққандарынан шынын айтты:

– Екеумiз жедiк, – дедi Байбақ мұрны пырылдап.

– Сосын қаспағын жедiк, – деп Жайнақ тағы бiр ұрлығын шығарды.

– Қаспағын қалай жеп жүрсiңдер? – деп мен таң қалдым.

– Сүттi шелекке құйып алдық. Сосын қаспақты жеп алып, сүттi қайтадан құйып қойдық, – дейдi Байбақ шынымды айтсам, айыбым азаяр ма екен дегендей.

– Сүттен iштiңдер ме?

– Жоқ. Сүт үйде де бар, – дейдi Жайнақ.

– Үйде сүттерiң болса, сол сүттiң қаймағын жеме-дiңдер ме, ендеше?

– Ол сүттiң қаймағын әлдеқашан жеп қойғанбыз, – дейдi Байбақ.

– Дұрыс, шындарыңды айтқандарыңа көп рахмет. Ал мына қылмыстарың үшiн қазандағы сүттi мен жұмыс-тан келгенше iшiп бiтiресiңдер. Ұрлықтарың үшiн ең жеңiл жаза осы. Егер бiр қасығын төгетiн болсаңдар, төрт күн қораға қамаймын.

– Iшейiк, ағатай, – деп екеуi шыр ете қалды. Сонымен қазанның басына отырғызып, қолдарына бiр-бiр қасық ұстаттым. Есiктi кiлттеп, кеткелi жатыр едiм, Бай-бақ:

– Аға, Мойнақты шақырып алсақ ұрыспайсыз ба? – дейдi.

– Шақыра қойыңдар. Үшеуiң жабылып сүттi iшiп тауысыңдар, – деп едiм, әлгiлер жым болды. Мойнағымен қосып, үшеуiн қамадым да, жұмысқа кеттiм.

Кешке келсем, үшеуi тыңқиып тойған, иықтарымен демалып отыр. Мойнақ деген итiнiң бүйiрi айналып кетiптi. Қазанның түбiне таянып-ақ қалған екен, дегенмен әлi бiр табақтай сүт бар.

– Бол, бiтiрiңдер, болмаса қамаймын, – дедiм да-уысымды көтерiп.

– Ағатай, қалғанын ертең ерте келiп iшейiкшi, – дейдi Жайнақ жыламсырап. Байбақ мұның сөзiн қоштағандай басын шұлғиды.

– Жарайды. Ертең ерте тұрып келiңдер де, бiтiрiп кетiңдер, – деп келiсiмге келдiм.

Үшеуi тойған үйректей маймаң-маймаң етiп кетiп барады. Тойған баланың жүрiсi дүниенiң қызығы екен, артынан қарап тұрып, iшек-сiлем қатып күлгенiм әлi есiмде.

Таң алдындағы тәттi ұйқыда жатыр едiм, бiреулер тереземдi қақты.

– Бұл кiм, ей? – деп шошып ояндым.

– Бiз ғой, аға, кешегi қалған сүттi iшiп бiтiрейiк деп келiп едiк, – дейдi Байбақ.

– Жарайды, iшпей-ақ қойыңдар, – деп ұйқымды қимай жатырмын.

– Шын ба, аға? – дейдi екеуi қатар дауыстай.

– Иә, бара берiңдер, айналайындар.

Екеуi үйдiң iргесiн дүбiрлетiп жүгiрiп ала жөнелдi.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 1 618
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.