Сайт мәзірі
» » АТ МIНГЕН АЮ

АТ МIНГЕН АЮ

Қарагер ат күнi бойы ойға шауып, қырға шауып, әлгiнде ғана ауыздықтан аузы, Бекбергеннен белi босап, сiлкiнiп алып, аяңдап шыққан бетi едi. Әлi арқасынан буы бұрқырап тұр. «Керек болып қалсам тағы бiреу мiне сап шабар, ауылдан аулағырақ барып, шалғай жа-йылайын» деп ойлады бiлем, көп алаңдамай, ауыл артындағы аласа тоғайға тартты.

Әр жерден бiр қарпып, бiр орып, жол-жөнекей жұ-лып жеп, жортып келедi. Тұра қалып оттаса, бұ жердiң де оты бiр Қарагердiң жыланын жығатындай жанып тұр. Бiрақ көзi тойса, аузы тоймай, аузы тойса, көзi тоймай, айылымды қоңқылдатып қуа берген.

Өлдiм-талдым дегенде еш малдың тұмсық-тұяғы тимеген, тоңазып тұнып тұрған балдай балаусаға танауы тигенде, қуанғанынан «Оњ-е-ех-ей!?» деп кiсiнеп жiбердi. Жалы жалпылдап, құлағы дегбiрсiз қайшыланып, Қарагер көзiн шарт жұмып алып, күртiлдеттi.

Жиекте, сонау бiр шетiнде жанып жатқан күн батысты көз жадыратар сүйкiмдi қызыл бояуға бояп барып қайыған. Аспанда әлi қызыл рең тұр. Салқын, сыз самалды тоғай ерте қарауытып, сәл суытқан. Қарагер арқасы жыбырлап, қауырт быртылдатып орып жатыр. Ауыздықсыз ауыз қаннен-қаперсiз, алаңсыз оттап, түтiп жеп жатқанда, дәп танауының алдынан бiреу:

– Аманбысың, ағайын? – дедi гүжiлдеп. Қарагер баяғыда жұмып алған су-су көзiн оқыс ашып, бас көтерiп едi, алдында местей бiр дырау Аю тiлiн далаға шығарып қойып, ырсылдап тұр екен. Қарагер аузындағысын жұтқанын жұтып, жұтпағанын бiр ұртына жинай салды да:

– Иә, – дедi.

– Оттау көбейсiн, – дедi Аю сол түрегеп тұрған күйi.

– Айтсын, – дедi Қарагер ұртындағысының дәмiн алуға мұршасы келмей, әрiрек жiберiп.

Қарагер қарагер болғалы Аю көрген емес. Әлгi шында бұзау болып ойнап жүрген адам екен деп қалды Бекберген екеуi қаратер болып қасқыр қуған, түлкi соққан. Ал мынадай түлей тұмсықты көрiп отырғаны осы. Арқа-басы жыбырлап, келiссiз, кеспектей бәледен секем алып, бiр сұмдықтың боларын сезiп тұрғанда:

– «Жылқы баласы кiсiнескенше» дейдi ғой. Сендер-дiң үйiрсек, бауырмал, ақ көңiл жануар екендерiң, дәрiптейтiн мәтел болу керек. Отыр, танысайық, – деп Аю құлаған қанардай күлк етiп жантая кеттi.

Аю Қарагердi шошытпай, жылқы баласының жанына жақын мақал қосып, тiл табатын естi сөз бастап отыр.

Өмiрде көрмеген маубас мақұлықтың мақалына iшi жылығанмен, Қарагер сыр бермей сөйлескiсi бар:

– Отыру бiзге жараспайды. Бiз түрегеп тұрып оттаймыз, түрегеп тұрып ұйықтаймыз, түрегеп тұрып жусаймыз. Иемiздiң иегi жетсе болды, шаба жөнелуге бейiм тұрамыз. Жалпы, жылқы баласы отырмайды. Анда-санда апыл-ғұпыл аунап алатынымыз болмаса тiптi жатпаймыз да.

– «Ат аунаған жерде түк қалады» деген мәтел бар едi. Бұл, шамасы, аунап жатқанда түсiп қалған сөз болды ғой? – деп Аю бырқ-бырқ күлдi.

Қарагер езу тартып, сәл жымиды.

– Әрине, бiз аунамасақ ондай мақал тумас едi. Бiрақ бiз мақал жасаймыз деп аунап жүргенiмiз жоқ, арқамыз қышиды.

– Жә, «Ат – адамның қанаты» деген, жарықтық жылқы баласымен танысып қойғанымыз жөн-ау. Оқуың болмаса да, тоқуың болар. Аю деген пақырыңыз мен боламын. Атым – Майтабан, – деп жантайып жатқан мақұлық қопарыла түрегелiп, қол созды.

«Қосаяқтап тұрып тұмсықтан тепсем бе екен? Қол берем деп қолқама қол салғызып алармын. Майлап, мақалдай, майпаңдауы жаман кәпiрдiң...» деп ойлады да:

– Мал болғаның ғой? Мал болсаң, туыс болдың...

– Жоқ, мал сенсiң, мен аңмын.

– Аң деген не тағы?

– Қасқыр дегендi танисың ба?

– Иә, онымен таныстырмай-ақ қойсын, ол барып тұрған ақымақ қой. Тiстеген жерiнен тегештей ет алып қалатын қасап-ау...

– Мiне, сол қасабыңды аң дейдi. Менi де аңның қатарына қосады. Бiрақ мен қасқыр секiлдi айуан емеспiн, ақылым бар. Мал жемеймiн, бал жеймiн.

– Мал жемесең, танысуға болады, менiң атым – Қарагер, – деп оң аяғын ұсынды.

Аю айран құйған қаптай күлкiлдеп келiп, Қарагер-дiң қорғасындай тас тұяғын ары-берi мәз болып сiлкi-ледi.

– Ал, Қареке, бiр деген бiлiс болса, бiлiстiк. «Сырын бiлмеген аттың сыртынан жүрме» дейтiн емес, таныс болдық. Ендi асықпай отырып жөн сұрайық.

– Ал, Айеке, жол болсын, жөнiңдi айта отыр, – дедi Қарагер манағы ұртындағысын бiр толғап жұтып жiбер-дi де.

– Мылтық деген бiр сұмпайы шықты да, жаннан тыныштық кеттi. Аңшы дегенiң аңнан көп, былай шықсаң тарс еткiзедi, олай шықсаң тағы тарс еткiзедi. Әлгiнде бiр соңыма түсiп, сасқанымнан велосипедiмдi тастай қаштым. Сендер велосипед мiнбейсiңдер ме?

– Бiз көкпар тартамыз.

– Ол қандай велосипед?

– Ол велосипед емес, басын кесiп алған серке. Өзiңдi көкпар қып тартпайынша, сен көкпар дегенге түсiн-бейсiң. Ал сен бұдан кейiн велосипедiмдi тастай қаштым деп өтiрiк айтпа. Қайдағы велосипед?

– Мен неменеме жетiсiп өтiрiк айтамын?! Естуiң бар шығар, цирк деген ойын бар. Мен сол циркте жиырма жыл қызмет iстеген кәрi әртiспiн. Өмiр бақи велосипед тептiм. Ендi қартайғанда «аренаға шығып, шашлык сатасың» дейдi. Яғни, көшеде, шашлық пiсiрiп тұрған адамның рөлiн орындауым керек. Бұл қолдан келедi. «Таразыдан жеген тасбақа» дегендей, жұртты алдау қолдан келмейдi. «Бидайдың басын аласың ба, түбiрiн аласың ба?» дегенде түбiрiн аламын деп алданған аңкау. Аю жұртты қалай алдасын? Мiне, осыған өкпелеп вело-сипедiмдi мiнiп, қашып кетiп едiм, мылтығын арқалап жүрген аңшыға тап болдым. Көзi қыли сорлы болса керек, екi атып тигiзе алмады. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгiз өледi» дегеннiң кебi Сонымен қайта бармасам, қайда барамын деген ойға келдiм де, қатемдi түсiнiп, қызметiме кетiп бара жатырмын. Сен ендi менi осы маңайда ойын қойып жүрген бiздiң циркке жеткiзiп сал. «Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» деушi едi ғой, жүз жүйрiктiң бiрi шығарсың. Шешеннiң жел сөзi секiлдi бiр желгенiң ғой, – деп жағдайды айтты Аю.

– Табыс тауып жүрген тәп-тәуiр қызметiң бар екен, аң болып не жының бар?! Шашлық сат десе сат, беделiң кемiп қала ма? Есiң болса, еңбектен қашпа деп Қарагер басын шұлғып тұрып ақыл айтты. – Бұрын ат мiнiп көрiп пе едiң?

– Велосипедтен басқа ештеңе мiнген емеспiн.

– Мен саған велосипед емеспiн, тұра шапқанда тоң-қалаң асып, торсиып жатсаң ұят болады.

– Сол ұятты ойлап қайтқан бетiм ғой. Оның үстiне маған да жан керек, жығыла қоймаспын. «Аюға намаз үйреткен – таяқ» деген ептеп намысқа тиетiн мақал бар. Таяқты атша мiнудi үйретсең болды, түсуiн өзiм-ақ түсемiн, – дедi Аю корбаңдап.

Қарагер iшек-сiлесi қатып күлдi. Сосын алдыңғы екi аяғын басына тiзерледi:

– Ал, қарғып мiн!

– Қарғып мiнетiн елiк деп пе едiң менi? Ептеп-септеп ебiн табармын, – деп Айекең жалға жармасып секiрген болып едi, екпiнiн екшей алмай, ауып түстi.

Ырсылдаған Аюдың тiлi сала құлаш болып шығып кеттi. Бiр кезде әрең деп Қарагердiң қыр арқасына жайғасты-ау. Пышақтың қырына отырғандай қиналып, жыларман болды. «Жаяу барсақ қайтедi?» – деп те күңкiлдедi.

– Жалымнан қос қолдап ұста. Тақымыңды қысып отыр. Қорықпа. Қазiр байқап көрейiн, – деп Қарагер желiп, жорғалай, сәл мөңкiп сынап едi. Аю дәп бiр шандып таңып тастағандай, қыр арқаға катыпты да қалыпты. Қарагер тастақ жолға түсiп алып, тасырлатып ала жөнелдi. Тұяғынан от ұшып, садақтың оғындай зулаған Қарагер ақылға келген Аюды циркiне алып барады.


Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 1 968
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.