Сайт мәзірі
» » ЖАЛҒЫЗ ҮЙРЕК

ЖАЛҒЫЗ ҮЙРЕК

Iздеп келе жатқаным – өзiмiздiң қоңыр сиыр. Хабар-ошарсыз кеткенiне бүгiн үшiншi күн. «Жануардың желiнi айырылып кететiн болды-ау» деп, өкси аяйды әжем.

«Жыра-шұқырда қалып қойды ма? Сен ана жақты шолып қайт», – дедi әкем. Сиыр ма деп, қарауытып көрiнген нәрсеге жетiп барамын, барсам, былтырғы маяның орны, не кесiлген ағаш түбiрi болып шығады. Өр жағалап, ауыл жаққа беттедiм.

Қоңыр көлеңке бұлдырап, жыбырлап аққан өзен бетiне қарап келе жатып, кiшкене бiр нәрсенi көзiм шалды. Жапырақ-жапырақ толқындарды тiле маған қарай жүзiп келедi. Омырауына шапшыған ағын тосып, әрең-әрең жылжытады.

Үйрек екен ғой, корықпауын қарашы өзiнiң. Қос қанаты лай суға батып, бергi жағаға жақындап келедi. Оң қанаты салбырап тұрған сияқты, бiр жағына қарай қисалаңдап жүзедi.

Менi байқап қалды ма, әлде, қалжырап шаршады ма, бағытын өзгертiп, ағысты құлдай сырғыды. Бұрынғыдай емес, әлденеден шошынғандай қанатын қатты сабалап барады.

Ол қайта бұрылып, керi жүздi. Қорбаңдап, жығылардай боп, арғы жаққа беттедi. Iшiм ашып кеттi. Көрмесiн деп, бiр шоқ құрақтың арасына тасаландым да, қарап отырдым. Ол қалтырап, бiр жағына қисайған күйi жүзiп барады. Ошақ орнындай ойылып түсiп, қайнап жатқан қалың иiрiм жұтып кететiндей көрiндi. Қараңдаған нүктедей боп көз ұшына алыстай бердi. Аяп кеттiм. «Қайтер екенсiң жалғыз үйрек?..»

Қараңғылық қоюланып, қара кошқыл тартты. Үйрек кеткен арғы жағаға соңғы рет қарадым да, ағараңдаған жiңiшке жолмен үйге қарай жүгiре жөнелдiм. Ұп-ұзын тоғай шөптерi аяқ-қолымды ұрғылап, кешкi самал кекiлiмдi желпидi...

– Қайда кешiктiң? Жоқ iздеумен-ақ күнiмiз өттi ғой, түге! Әкең сенi iздеп кеттi, – дедi әжем.

Тiс жарып ештеңе айтпадым. Төсегiме барып жатып қалдым. Алай-түлей ағын суда ұясыз, панасыз жалғыз жүрiп жәбiр шеккен қандай жаман?!

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 4 761
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.