Сайт мәзірі

КҮЗ КЕЛБЕТI

Ел жайлаудан қайтты. Шоғыр-шоғыр калың мал жәй қозғалады.

Беталысы – қоңырқай көкжиек. Ат үстiндегi кiсi-лердiң әңгiмесi сол жайлы. Ұзын кекiлдi, кербез күрең-нiң үстiнде шалқая отырған қарт сөздi маза бермей келе жатқан бөгелектерге бұрды.

– Дегенмен бөгелектер ат жалынан асқан жоқ, биылғы қыс жайлы болар, – деп едi, шоқша сақалды қарт қостай жөнелдi.

– Иә, өрмекшiнiң торы да бұталардың төменгi сабағына керiлiптi. Бұл да жаксылықтың нышаны...

– Ендi жылқы шайнақ тастай ма, тастамай ма, соны қадағалау керек, – деп қостады әке. – Жеген шөбiн илеп тастаса, онда шөптiң уытты болғаны. Қыстың жұғымсыз белгiсi осыдан байқалады.

Көш тау етегiне еңкейгенде қыз-бозбалалар сылдырап аққан бұлаққа бұрылды. Сол тұста қарақат, мойыл мөлдiреп, қызыл сары долана моншақтай тiзiлiп тұр. Таңқурай мен бүлдiрген уылжиды.

Бiз бұлақ жақтан дүркiрей шауып жотаға шыққанымызда ымырт үйiрiлген едi. Күздiң кешкi қоңыр самалы маңдайды шымырлатады.

Қураған шөптiң, отырықшы ауылдың өзгеше иiсi танауды жыбырлатады.

Жол үстiнде келе жатқан бiз Үркердiң туғанын көрiп, қуандық.

Өйткенi атамдар сол жұлдызға қарап маусымның сипатын болжайды.

Түнге қарай қой күзеттiк, ұйықтамадық. Таң алдында жарқырап туған Шолпанды көрдiк. Әдеттегiден биiктеп, шақырайып тұрса – қыс қатты болады дейдi.

Күзеуге келген соң күзем қырқылды. Жүн сабап, киiз басу басталды.

– Ауылда бұл думанды әрекет. Әйелдер әндетiп отырып сабаумен жүн сабайды. Бiз: «Қой басты, қой басты» деп, киiз тебемiз. Сол кезде төбеден тыраулап тырналар өтедi. Қыздар: «Келесi көктемге дейiн сау болыңдар» деп, қайтқан құстарға қол бұлғайды. Бiз жайдақ атқа мiне салып, бiр белдi асырып салып қайтамыз. Бел астындағы егiс даласынан тракторлар тiзбегi көрiнедi. Ел ырысы – алтын дәннiң алдағы қамын жасап жүр.

Күз маусымы қарқынды еңбекпен, думанды қызықпен өтiп жатыр.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 3 638
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.