Сайт мәзірі

ҚҰСҚАНАТЫ

– Ал, күз маусымында болатын ең соңғы амал «Құс-қанаты» деп аталады, – дедi Дәуреннiң атасы ойлана түсiп. – Бұл амал қарашаның он төртiнен он бесiне қараған шағына тура келедi. Түн өте суық болады, қыстың ызғары бiлiнедi. Өйткенi тап осы түнде болатын ызғырық табын дуадақтар күз бойы күтедi сарылып.

– Дуадақ дейсiз бе?

– Иә, кәдiмгi дуадақ деген құс.

– Сонда дуадақ бұл ызғырық суықты не үшiн күтедi?

– Әй, балам-ай, әлi түкке түсiнбей отырсың, сары ауыз балапан сияқтысың, – деп мырс етiп күлдi атасы. Сонан соң түсiндiре бастады, – Дуадақ – ең iрi, семiрiп алған құстардың бiрi. Күзге қарай ол тiптi айырықша семiредi. Алдағы өзi шығатын ұзақ сапарға жететiн күш-қуат, май жинайды денесiне. Алайда дуадақ та бiрдеңенi бiледi. Бойына бiткен көбiк майдың шымырланып қатуын күтедi. Қарашаның он төртiнен он бесiне қараған түнде болатын қатты қара суық майын сiрестiре қатырады. Сонан соң дуадақтар шырқап көкке шығып алып, оңтүстiкке қарай самғай жөнеледi.

– Бұл амалға жұлдыздар араласпай ма? – деп сұрады Дәурен.

– Жұлдыздар ма, неге, араласпаушы ма едi, – дедi атасы бұл жолы мұртын бiр сипап қойып. – Жалпы, жұлдыз араласпайтын амал болмайды. Ал әлгi «құсқанаты» болған түнi бiрiншi рет «Босаға» жұлдызы тура тас төбеге келгенде таң атады. «Босаға» жұлдызы дегенiмiз iңiрде шығыс жақтан туатын, бiрiнен-бiрi алшақтау, бiрақ бiрiне-бiрi өте ұқсас, төрт бұрыштанып, бiр аумақта тұрған баданадай анық көрiнетiн төрт жұлдыз. Осылайша «құс қанатынан» кейiн қыс басталады...

Дәурен атасына әрi таңдана, әрi құрметтей қарады. Ол кiсi лекциясын тамамдаған астроном ғалым сықылды жайбарақат отыр. Атасын аспан әлемi туралы осынша көп бiледi деп ешқашан ойламаған едi...

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 173
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.