Сайт мәзірі
» » АЛМАСТЫҢ АҒАШЫ

АЛМАСТЫҢ АҒАШЫ

Биыл қалада шiлде өте ыстық болды. Балалардың жаңбырды аңсағаны сонша, қайта-қайта аспанға қарағыштай бередi. Аспаннан шаңытқан күндi ғана көредi. Көздерi жыпылықтап, танаулары желбiреп, көлеңке iздейдi.

Әрине, жапырағы қою ағашқа не жетушi едi. Жел жоқ болса да жапырағын қимылдатып, желпiнгендей болады. Ал Алмастар тұратын жаңа ықшам ауданда ағаш әлi аласа. Көкесi кеше кешкi тамақ үстiнде:

– Таңертең күн салқын, ауа таза. Ерте тұрған адам күнi бойы онша ыстықтамайды, жұмысты да өнiмдi iстейдi, – дедi. Алмас құлағына құйып ала қойды. Көкесi – «Фосфор» зауытында аппаратшы. Үйлерi Фосфоршылар мәдениет сарайына жақын. Алмас ертеңiне ерте тұрып, киiнiп далаға шықты. Аулада бiрде-бiр бала жоқ. Маңай тып-тыныш. Күн салқын. Ауа тап-таза. Мәдениет сарайын бiр айналып келдi.

Салқын ауаның әсерiнен қайнаған ыстықты онша елемеген секiлдендi. Алмас осыдан бастап ерте тұруды әдетке айналдырды. Көкесi мен апасы:

– Үшiншi кезекте тау iшiндегi лагерге жiберемiз, әзiрше осылай дағдылана бер, – дестi.

Алмас күнде таңертең тұрып, Мәдениет сарайының маңында серуендейтiн болды. Бiр-екi бала iлесiп едi, уәделерiнде тұрмады. Ұйықтап қала бердi. Сарай маңындағы фонтандар қаңсып тұр. Қалада су аз. Тек үлкен жиналыстар болғанда ғана фонтандардан су атқылап, балалар мәз-мәйрам болады. Бiр күнi Алмас жол жағасындағы шөптiң сытырлап жанып жатқанын көрдi. Жалын сумаңдап, көктемде отырғызылған ағаштың түбiн орай бастапты. Алмас ендi шыдай алмады, жетiп барып табанымен отты таптай бастады. От оған бой берер емес. Жас ағаштың қабығын жалап үлгердi. Алмас футболкасын шешiп алып, сонымен ұрды. Әзер дегенде өшiрдi. Ақ футболкасы қап-қара күйе болды. Бiр-екi жерi тесiлiп те қалды. Оған өкiнбедi. Әйтеуiр iс тындырды ғой.

– Жарайсың, балам! – деген дауысқа жалт қараса, таяғына сүйенген шал екен. Ерте тұратындардың бiрi осы кiсi. – Ересектердiң қолдары тимейдi. Ал сенiң өрттi сөндiрiп, мына ағашты аман алып қалғаның жақсы болды, айналайын.

Алмас өзiн мақтағанға бiр түрлi ыңғайсызданып қалды. Ағылып өтiп жатқан адамдар көңiл бөлмейтiн қайдағы бiр «өрттi» сөндiрiп, көзге түскiсi келгендей көрiнетiн секiлдi. – Мына Сарайдың арғы бетi түгел жанып кеттi, қанша ағаштан айырылдық, – дедi шал күйiнiп. – Қарашы, әне!

Алмас ендi байқады, бiраз жер қарауытып жатыр.

– Мына ағаш ендi сенiкi болсын, балам! – дедi шал. – Өзiң қарап, сақтап жүргейсiң. Атың кiм?

– Алмас

– Алмастың ағашы деймiз ендi. Қай сыныпта оқисың?

– Күзде екiншiге барамын.

– Ой, айналайын. Мен сенi үшiншi не төртiншi оқи-тын шығар десем... Таудай болып өсе бер, айналайын...

Ақ футболка ештеңеге жарамай қалды. Көкесi мен апасы бұл iсi үшiн ұрысқан жоқ, қайта құптады. Алмас әлi күнге дейiн ерте тұрады. Мәдениет Сарайын айнала жүгiрiп, шынығады.

Күз түстi. Ағаштардың жапырағы сарғайды. Жұрт Алмастың ағашына қызыға қарайды.

 

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 6 318
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.