БҰЛТҚА ҒАШЫҚ БОЛҒАН БАЛА
Бала атқа қонған бойы құлдырай шапты. Жаздың жылы самалын семсердей жарып, жүйткiп келе жатқан жұлындай жалғыз аттыға жалпақ даладағы жота, адыр, төбе, дөңдер дүрлiгiсе көз тiгiп, таңырқана таңдай қағысып, көз ұшында дөңгеленiп қалып жатыр.
Дала төсiн дүбiрге толтырып ағып келе жатқан ар-ғымақ үстiндегi жас жiгiттiң дабысынан босып жүрген борсық, түлкi, қасқыр, қарсақтар даламен жалын жүйткiп келе жатқандай жанталасып, бет-бетiне безiнiп, iннен-iнге тығылады.
Бiр кез бала ат басын асығыс тежеп, аспанға қарап қол бұлғап:
– Әй, Ақша бұлт, тыңдашы менi, сәл кiдiршi! – деп айқай салды.
Күннiң кешкi қызғылт арайына шомылып тоты құстай түрленген, әсем өңдi ақша бұлттар қаз-қатар тiзiлiп, құбыла бетке қарай теңселе қозғалып, баяу қалқып бара жатыр едi.
Бала атын жай бастырып, өзгелерiнен қол ұсыным алда қалқыған, таспиыққа тартылған жақұттың көзiндей көркем бұлттың тұсына келiп тiзгiн тартты.
– Қандай әсем едiң, Ақша бұлт! Қандай әдемi едiң! Сенен асқан сұлуды мен көргем жоқ! Сен бiздiң ауылдың үстiнен күнде өтесiң. Мен сенен көз айырмай, есiм кете қараймын да тұрамын. Бүгiн әбден шыдамым таусылып, өзiңмен бiр тiлдесiп қалайын деп, артыңнан ерiп келемiн. Естiп тұрсың ба менi, Ақша бұлт! – дедi бала айқайлап.
Ақша бұлт жерден талып жеткен тұнық дауысты естiп, таңырқанып қалды. Өзiне түу төменнен, жасыл белестен қол бұлғап тұрған бозбалаға қарап жымия езу тартты.
– Сен кiмсiң, жас бала, қайдан келдiң? – дедi Ақша бұлт сыңғырлаған сазды әуенмен тiл қатып.
– Мен Балапан батырдың баласы Жанболатпын! Мен сенi iздеп келдiм, Ақша бұлт! – дедi бала атын қарғытып.
– О, жүрегiң қандай нұрлы едi сенiң, Жанболат! Атамыз жердi бiзге жањаннам деп ұрындырып едi. Жер – күнә мен қасiреттiң мекенi, жер бетiнде қандай қасиет болса да бәрi де оның њарам деп, бiзге жерге жетпiс қадамнан артық жақындамауға бұйырған едi.
Саған не дерiмдi бiлмей тұрмын тiптi, – деп, Ақша бұлт жай қозғалып жүре түстi.
– Ақша бұлт! Ақша бұлт! Сәл аялдашы! Мен сенi арман етiп, аңсап жүрмiн. Бұл шын сөзiм менiң. Сенбейсiң бе, Ақша бұлт? – дедi жiгiт абыржып.
– Олай, деме, Жанболат! Мен сенiң көңiлiңе қаяу салғым келмейдi. Көңiлiңнiң ақ екенiн аңғарып тұрмын. Бiрақ өзiмiздi өзiмiз алдамайық! – дедi Ақша бұлт аз-кем аялдап.
– Мен сенi күндiз-түнi ойлап шерменде болдым, аяулым. Ең болмаса бiр жылы сез айтсаңшы, Ақша бұлт! Күнде сенi сыртыңнан көрiп, сағыныштай сарғайып жүрмiн. Сен бiлсең соны, Ақша бұлт!
– Өзiмiздi өзiмiз қайғы отына күйдiрмейiк, Жанболат! Сен жерде, бiз аспандамыз. Өз бақытымызды өзiмiздiң жүрген жерiмiзден iздейiк!
– Аяулым, менiң арманым тек сен ғана! Мейлi, сен менiң қолыма қонбай-ақ қой. Тек күнде ауыл үстiнен өткенде, сәл кiдiрiп, күлiп өтшi! Маған сол да жарайды.
– Жанболат! Ақ жүрегiңнiң адал даусы ғой бұл! Айтпайын деп едiм, шыдамым жетер емес. Мен сенiң ауылыңды бүгiн алғаш рет қана көрiп өттiм. Ендi оған қайтып оралар-оралмасым да екiталай. Бұрынғы өткендер менiң апаларым болар... Мен де сенi ұнатып қалдым, қадiрлiм! Амалсызбын, бiрақ менi жауыз жел ерiксiз айдап әкетiп барады. Әйтпесе, еркiм болса, қалар-ақ едiм өзiңмен! – дедi Ақша бұлт даусы дiр-дiр етiп.
Жiгiт атының басын iркiп, Ақша бұлтпен қатарласып қалмай келедi.
– Жоқ, олай емес, Ақша бұлт! Күнде өтiп жүрген сен ғой, тек өзiң ғана ғой, Ақша бұлт! Сен өзге бұлт-тарға ұқсамайсың. Мен сенi түсiмде де көрiп жүрем! – дедi жiгiт.
– Жоқ, Жанболат! Мен сенi алдап тұрған жоқпын. Мен де кейде түс көрем. Түсiме тек желдiң жамырай ұлыған зарлы үнi ғана кiредi. Бiз бәрiмiз де аспанның қыздарымыз. Әкемiз желдi бiзге күтушi ғып қойды.
Жарамсақ жексұрын бiздi күн демей, түн демей бiр жерден бiр жерге кетiрiп қуады да жүредi. Сен менi бұрын көрген жоқсың, Жанболат.
– Сонда да сен маған ұнап тұрсың, Ақша бұлт! Сен дұрысы бұлттардан да сұлусың!
– Мен де сенi ұнаттым, ер жiгiт! Бiрақ сұмырай жел менi сенен әкетiп барады ғой, көрдiң бе? – дедi Ақша бұлт ањ ұрып.
– Айтшы маған, Ақша бұлт, жел қайда қазiр? Басын шауып алайын! – деп жiгiт ат ойнатып, қылышын қынаптан суырды.
– Ол бiр көзге көрiнбейтiн құбыжық. Өзiмiз де бiлмеймiз қай жерде жүретiнiн, қайдан келетiнiн. Әлдебiр жақтан аждањадай ысқырады да тұрады. Өз еркiмiзбен екi адым аулақ шықсақ, қызғаншақ қапас жынданып кетердей боп жетiп келедi де, барлығымызды бiр жерге иiрiп, топырлатып топтап қояды. Сен аспаннан күңiренiс пен күрсiнiс үнiн естiмеушi ме едiң, Жанболат?
– Иә, еститiнмiн!
– Ол өмiрiмiздiң осындай қасiрет пен қорлыққа душар болғанына қайғы шегiп жатқан бiздер ғой. Түнерген аспан бiздiң түр-пiшiнiмiз, жерге төгiлген тамшылар бiздiң көз жасымыз ғой.
– Әттеген-ай, жел егер жерде жүрсе, жолбарыстай жау-жүрек болса да қаймықпай барып құр қолмен-ақ қылғындырып өлтiрер едiм-ау, залымды! – дедi жiгiт күйзеле күрсiнiп.
Жанболат Ақша бұлттың артынан ере-ере еңiс-еңiс белдерден өтiп, биiк таудың басына да шығып кеткен едi. Бұл кез жәдiгөй жел бұлттарды қауiпсiз деп тапқан жерiне – шың басына шоғырлап тастап, өзi шаруасын шаруалап жөнiне жоғалған-ды.
– Ақша бұлт, төмен түссейшi, берi жақындасайшы! Мен де жартасқа көтерiлейiн. Маған қолыңнан ұстатшы. Саусағыңның ұшынан сүйейiншi!
Осыны айтып бала жартасқа шықты. Ар жағы – түбiне көгiлдiр мұнар тұнған терең шыңырау едi. Күрең арғымақ буыны кiлтiлдеп, төмен қарауға қаны қозғалып, қалтырап шақ тұр.
Ақша бұлт та ақ көйлегiнiң етегiн қолымен шақ демеп, жан-жағына ұрлана көз салып, ақырын басып жақындай бердi.
Осы сәт мұны көрiп қалған жексұрын жел жер түбiнен жапалақтай қалбаңдап жетiп келдi де, Ақша бұлтты аспанға қарай аласұра үрлеп кеп жiбердi.
– Ақша бұлт! Ақша бұлт! Аяулым, не болды саған! Неге қайтып барасың? – дедi бала жан-дәрмен қолдарын көкке созып.
– Қош, қадiрлiм! Менде не амал бар!.. Кетiп барам, – дедi Ақша бұлт жыламсырап.
– Сәл кiдiр, Ақша бұлт, тастама менi!
– Қош, қымбаттым! Қош болғайсың!...
– Кетпе, кетпе, Ақша бұлт! Тастама менi. Сенсiз менiң өмiрiмде сән бар ма? – деп, бала арғымақ тiзгiнiн сiрестiре тартып, тебiнiп қалды. Жауыр жартастың құзар басында қалтырап қатып тұрған жануар иесiнiң әмiрiн екi етпейтiн әдетiмен ақырғы күшiн жиып, алыстап бара жатқан Ақша бұлтқа қарай бар пәрменiмен қарғып келiп кеттi. Көкке едәуiр көтерiлген соң тынысы тарылып, әлi бiтiп, бос ауадай тұяқ тiрер тиянақ таппай, аяқтарын аласұра сермеп, шыңырауға қарай шыңғырып құлай бердi.
– Қайран, дүние-ай! Қанатым болмады-ау!.. Қош, Ақша бұлт! Қош аяулым! – деп ышқынды бала.
– Жанбола-ат!.. Жанбола-а-ат!... – деп айқайлады Ақша бұлт жүрегi жыртылып.
Бұл кез жел Ақша бұлтты аспан төрiне апарып тастап, тағы да өз жөнiне кетiп едi.
Ақша бұлт, жүзi қараңғы түндей түтiгiп, жан ұшыра төмен ұмтылды. Құрбы бұлттары да оған iлесе түстi. Әлi құрып, дәрменi түгесiлген Ақша бұлт таудың жақпар басына келiп, шыңға сүйенiп төмен қарады. Шыңырау түбiнде қынадай қызыл қан шалшығында шалқасынан жатқан Жанболатты көрдi.
– Асылым, ардақтым, Жанболат! – деп жан дәрмен ышқынды да Ақша бұлт тұла бойы тұтасымен шер жасына айналып, шың басынан шыңырауға қарай лық-сыды.
Құрбы бұлттары ањ ұрып азан-қазан болып қалды. Жақпар таулар мен шың жартастар да күрсiнiсiп, күңiренiсiп кеттi.
Осы сәт екi өкпесiн қолына алып, ентiгiп жел де жеттi. Бұлттарды безiндiре қуып, көк жүзiне апарды. «Әй, ана қыз қайда, а? Ол қайда кеттi, а?» – дедi ол ысылдап. Бұлттар түнерiп, жексұрын желге түк жауап қатпады.
Жел жанталаса жүйткiп, таудың қалтарыс-қуыстарын түгел тiнтiп шықты. Ақша бұлтты еш жерден таппады. Бiр сәт ол шуласып жатқан шың-жартастар үнiне құлақ түрдi де, Ақша бұлттың өз билiгiнен кеткенiн түсiнiп, өз сақалын өзi жұлқылады.