Сайт мәзірі
» » АРМАНШЫЛ ҚҰБЫР ТУРАЛЫ ЕРТЕГI

АРМАНШЫЛ ҚҰБЫР ТУРАЛЫ ЕРТЕГI

Цехтан шыққан су жаңа құбырлар завод қоймасына келгенде де қуанышты едi. Бәрi қойманың ұзын сөресiнде келешекте кiм болғысы келетiнiн айтып у-ду болып жатқан кезде, бiр Құбыр қиялшылдығымен өзге-лердi таң қалдырды.

Бiресе Газ құбыры, Су құбыры болуды қалады.

Бұл ойы да сабынның көбiгiндей тез бұзылды, қиялы одан ары шарқ ұрды. «Қой, бәрiнен дұрысы» «сұйық алтын» тасымалдайтын Мұнай құбыры болған шығар-ау», – деп ойлады. Осыдан соң-ақ құрбылардың күллiсi оны «Арманшыл құбыр» – деп атап кеттi. Артында тiркемесi бар жүк машинасы қоймаға енгенде, құбырлар жым болды. Кiмнiң не болғысы келетiнi туралы айтыс сап тыйылды. Алда ұзақ жол күтiп тұрған-ды.

Бәрi көлiкке тиелiп сыртқа шыққанда, Арманшыл құбырдың алғашқы көргенi – көк аспан. Машина селк-селк етiп жолға шықты. Соны пайдаланып, ол аунап-аунап қораптың бетiне көтерiлiп кеткенiн байқамай қалды. Көңiлi алып-ұшып барады.

Көкпеңбек аспан. Ұшы-қиыры жоқ. Қандай шексiз. Тұп-тұнық. Анау не болды екен. Сонау қақ төбеде ұшбұрыш жасап жылжыған ноқаттар көрiнедi. «Тыру-тыру» деген үндерi естiле ме, қалай?

– Қараңдар, қараңдар! – Арманшыл құбыр барынша айғай салды да орнынан секiрiп-секiрiп түстi. – Анау не, а?

Көрген-бiлгенi өзiнен аспайтын арасында әлгiнiң сырын бiлетiн ешкiм жоқ екен. Бәрi «бiлмеймiз» дегендей бастарын шайқап, машина қозғалған сайын, ақталғандай сыңғыр қақты.

Манадан тiл қатпай, күзеттегi солдаттай қақшиып тұрған Шофер күрегi маңдайы күнге бiр жарқ еттi де, байсалды қалыппен сөзге араласты:

– Аспанда ноқат боп көрiнген – тырналар. Бұл құстар жылы жаққа, оңтүстiкке ұшып барады.

Бойын ерекше сезiм билеп бара жатқан Арманшыл құбыр шыдай алмады. Көкейiне келген сұрағын ағытты:

– Тырналар қалай ұшады екен ә?

– Олардың қанаты бар.

– Шiркiн мен де ұшсам...

Арманшыл құбыр аузынан бұл сөздiң қалай шыққанын аңдамаса керек. Әлгiнi естiгенде барша құбырлар күлкiден жарылып кете жаздады. Селкiлдегендерi сонша, тура саңғыр-саңғыр етедi. Тiптi қасқа бас Шофер күрегi де езу тартты.

Арманшыл құбыр олардың мазақ күлкiсiн елең қылған жоқ. Тағы қайталады:

– Менiң ұшқым келедi!

Ендi көптi көрген қасқа бас Шофер күрегi де ашыла күлдi. Өзге құбырлар болса: «Бұл сөйтедi, жоқтан өзгенi армандайды», – деп күлкiден қиқылдасып жатыр. Шофер күрегi болса, оған ендi танданыспен көз тiккен:

– Шырағым-ау, өзiң атың затыңа сай, шынында, Арманшыл құбыр екенсiң. Қалай ұшпақсың? Ол қолыңнан келмейдi ғой.

Жаңағы сөздi естiп, құбырлардың бәрi «қолыңнан келмейдi», «қолыңнан келмейдi» дестi. Бұған Арманшыл құбыр өлердей намыстанды.

– Жоқ мен қалайда ұшамын!

Шынында, оның сондай ұшқысы келген едi. Ендi ол Газ құбыры болуды да, Су құбыры болуды да, тiптi мәртебелi Мұнай құбыры болуды да ойынан бiржола шығарды... көкейiнде – тек көк жүзiнде тырналар тiзбегi тәрiздi қалықтасам деген тәттi арман. Өн бойын аспанды аңсаған құштарлық кернеп бара жатқанын сезiндi. Қос бүйiрiне қанат бiткендей ме? Биiкке қарап айғай салғысы келiп кеттi.

Ойын оқып қойғандай Шофер күрегi тас түйiн, тiп-тiк қалпын бұзбастан «Құбырлар ұшпайды!», – дедi. Ненi болса да кесiп айтатын оның сөзiн басқалар тағы iлiп әкеттi. «Иә, құбырлар ұшпайды», – десiп шуласты.

Ал жарқыраған күн, зулаған машина, соққан самал жел бәрi жабылып, Арманшыл құбырға «ұшасың» деп тұрғандай едi. Сондықтан Арманшыл құбыр алған бетiнен қайтқан жоқ.

– Жоқ, мен қалайда ұшамын!

Қомданып тұрып аспанға секiрiп кеттi. Күллi құбыр «ањ» ұрып, шу ете түстi. Қасқа бас Шофер күрегi басын кекжең еткiздi.

– Тоқта!

Бiрақ олар кеш қалған едi. Көкке атылған Арманшыл құбыр машина қорабынан асып кеттi де, жерге шаншыла түстi. Аспанға әлсiн-әлi бұлқына ұмтылды, ақыры, ол әрекетiнен түк өнбесiн бiлген соң, домалап жол шетiне шықты да тыныш тапты. Шөп арасынан ол онша көзге шалынбайтын. Сонда ол ұзақ жатқанын сезген жоқ. Ертесiне жанындағы қурайға келiп қонған Бозторғаймен танысты. Құс жылқышылардың құрығынан да ұзын түтiкке таңырқай қарады.

– Сiз кiмсiз?

– Мен бе? Мен – Арманшыл құбырмын. Өзiңiз кiмсiз?

– Мен Бозторғаймын, – дедi ол. – Даланы әнге бөлеймiн.

Содан соң керемет әдемi даусымен жүрек тербейтiн шырылға басты.

– Сонда сiз ненi армандайсыз? – дедi ол сәлден соң.

– Көкте самғауды...

– Ол бiр рахат дүние. Тiлегiңiзге жетесiз.

Сол күннен бастап Арманшыл құбыр Бозторғаймен дос болып кеттi.

Күз лебi бiлiне бастаған соң, бiр күнi айыр тiлдi абжылан келдi. Өзi «ыс-ыс» етедi. Келдi де әй-шәйға қарамай құбыр қуысына қойды да кеттi. Қыстауға лайық iн деп қалса керек. Арманшыл құбыр бұған шамдана қойған жоқ. «Мейлi, жалғыз болмаймын ғой» деген.

Бiрақ әлгi сұмпайы айыр тiлдi абжылан екi күннен соң, аспанда ән сап тұрған Бозторғайды арбасын кеп. Байғұс құс далбаңдап ұшуға тырысса да кете алмайды. Ұлпа жүндерi бұрқырап қалбаңдаған күйi абжылан аузына қарай төмендей бердi.

Арманшыл құбыр бұдан арыға төзбедi. «Сақтан!» деп айғайламақ едi, үнi шықпайды. Тек жатқан жерiнен аунап кеттi. Аунап кеттi де айыр тiлдi абжыланның белiнен басты. Ол қайырылып келiп мұны шағып-шағып алды. Құйрығымен де сабалап жатыр. Бiрақ бұған мыңқ ететiн Арманшыл құбыр жоқ. Тiптi мың жылан жабылып келiп шақса да оған не iстей алады? Ақыры, азу тiсiн сындырып, абжылан өз жөнiмен кеттi.

Ал Бозторғай аман қалды. Бұл оқиға екеуiнiң достығын одан әрi күшейттi.

Бiрақ қылышын сүйретiп қыс келiп қалған едi. Арманшыл құбыр үшiн ендi мұңды да ауыр күндер басталды. Оның үстiне аспанды бұлт торлап алды. Суық жаңбыр жауды. Бұршақ соққылады. Заводта майланып шыққандықтан, Арманшыл құбыр ылғалдан да, аяздай да қорықпайтын, тек жанына батқаны жалғыздық едi. Бозторғай да көрiнбей кеттi.

«Неге ғана жеңiлтектiк жасап машинадан секiрiп кеттiм екен?» Құбыр достары болса өз мiндеттерiн ендiгi орындап жатқан болар. Шофер күрегiнiң сөзiне құлақ асуы керек едi. Әттең! кейде осындай өкiнiш бойын билейдi. Алайда жұлым-жұлым бұлт арасынан зеңгiр көк көзге шалынса, бәрiн ұмытып кетедi.

Көп ұзамай қар жауды. Қыс түстi. Қалың қар көрпесi жарық дүние көрсетпестен Арманшыл құбырды қымтап тастады. Ол амалсыз ұйқыға кеттi. Қыс бойы түсiнде өзiнiң көкте самғап жүргенiн, ұзын жiңiшке қанатын көрiп шықты.

Жазғытұрым Арманшыл құбырды Бозторғай әнi оятты. Қар ери бастапты. Аспанды көргенде жаны жадырап сала бердi. Көкке ұмтылғысы келедi. Ендi қанша уақыт жатады, кiм бiлсiн.

Бiр күнi жолмен келе жатқан екi бала көрiндi. Оларды биiктен көзi шалған Бозторғай балалардың аяғының астына лақтырған тастай топ ете түстi. Мертiккен құстай шыр айналып балалардың төбесiнде қалықтап, кетпей қойды. Оны ұстаймыз деп ұмтылған екi бала Арманшыл құбырдың үстiнен шықты. Ол болса, Бозторғайдың әдейi осындай қулық iстегенiн соңынан түсiндi..

– Ой, Самат, мына құбырды қара.

– Әй, шiрiп кеткен болар. Неғыласың соны.

– Жоқ, шiрiмеген сияқты.

Екеуi құбырдың екi басынан ұстап көтерiп алды.

– Түу, жеп-жеңiл ғой өзi. Дюраллюминийден жасалған екен. Онша салмағы жоқ, тастап кетсек пе екен.

– Қой, мектеп ауласына апарайық.

Әлгi екi бала көтерiп алғанда, Арманшыл құбырдың қолы аспанға жетiп-ақ қалғандай едi. Әкелiп темiр-терсек үйiндiсiне лақтырып тастады.

Мұнда бұралған, сынған бөлшектер, жарамсыз дүниелер көп екен.

– Сiз кiмсiз? – дедi бұған елеусiз жатқан кiшкене бұранда.

– М... мен Арманшыл құбырмын.

– Құбыр дегендi түсiнiп тұрмын, ал арманшыл деген не?

– Мен оны бiлем! – деген үн естiлдi. Таныс дауыс сияқты. Сөйтсе, бұл сабы сынып, тозған кәдiмгi Шофер күрегi екен. – Бұл нағыз Арманшыл құбыр, – дедi ол. Мен оны көптен бiлем.

Осы жерде Арманшыл құбыр ағынан ақтарылды. Өзiнiң көкте ұшуды қалайтынын айтты.

– Аспаннан гөрi мартен пешiне тез жетесiң! – дедi қисық сүймен мысқылдап.

– Армандаған қандай жақсы! – дедi егiз бұранданың бiреуi. Сөздерi тастай. – Шын қаласа, орындалмайтын арман жоқ. Әттең, қорытылуға бара жатырмыз ғой...

– Достар, қамығатын не бар? Бiз бәрiмiз де Адамға адал қызмет еттiк! – дедi еңбекқор станок, – Ең жаманы – Адам кәдесiне жарамай бос қалу. Бiз мартенге ұялмай аттана аламыз.

Бәрi бiр сәт үнсiз қалды.

Арманшыл құбыр болса өзiнiң басты қатесiн ендi ұқ-қан едi. Тiршiлiк кәдесiне жарауды мақсат ету керек екен.

Кiрерге тесiк таппады. Тындырған титтей iсi жоқ. Қатты қысылды.

... Ертесiне таңертең екi бала келдi.

– Қайда тастап едiк әлгi құбырды?

– Мiне, мұнда!

– Тү-у, жақсы болды ғой. Өзi дюралюминийден жасалған. Нағыз бiзге керек. Журналдағы жобадан айнытпай шығарайықшы.

Бiрер аптадан соң мектеп шеберханасында Арманшыл құбырдан жасалған кенеп керiлген Дельтапланды оқушылар төбе басына алып шықты.

Көп ұзамай биiкке көтерiле бердi. Арманшыл құбыр осылайша өзi армандаған көк жүзiнде қалықтап бара жатты. Мiне, Аспан! Анау ноқаттар ше? Ол – туған жерге оралып келе жатқан тырналар ғой...

Жердегi балалар тырналар... тiзбегi дельтапланға ұқсайды екен дестi. Арманшыл құбырды құттықтағандай ауада Бозторғай шырылдады.

Төменде мектеп ауласында мартен пешiне аттануды күтiп жатқан қасқа бас Шофер күрегi де, станок та, егiз бұранда мен қағылез қаңылтыр да бәрi-бәрi Арманшыл құбырды бiрден таныды. «Арманға шын берiлiп талпынса, ол қалай да орындалады екен-ау» десiп жатты олар.

Өзiн құттықтаған Бозторғай үнiн естiген кезде, Арманшыл құбыр тiптен шалқып кеттi. Ол аспанда самғап ұшқаны үшiн емес, ең алдымен Адам кәдесiне жарағаны үшiн қуанып бара жатқан едi.

 

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 3 186
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.