Сайт мәзірі

ГЛОБУС

Үшiншi «А» класында бiр Глобус жылап тұр. Кеше сабақтың алдында еденге құлап түсiп, ортасынан қақ бөлiнген.

– Сен неге жыладың? – деп сұрады мұғалiм.

– Ме-ме... ме-нi ұр-ды, – дедi Глобус өксiп. – Аямай ұрды. Еденге құлатып түсiрдi... Содан жарымжан боп қалдым.

– Жарымжан болғаның қалай?

– Әлгiнде сiз келе жатқанда менi өп-өтiрiк сау сияқты етiп, қауқитып қойды.

Өзiне бақырая қарап отырған оқушылардан қорықты ма, ұялды ма, көзiн төмен салды да, ортасынан қақ бөлiнiп, екiге айырылды.

– Сұмдық-ай!.. – дедi мұғалiм шошып. – Кiм сенi осыншама жәбiрлеген?

– Шаншаров, – дедi де, Глобус қыстыға жылап жiбердi. – Ол кеше сабақтың соңында бокс көрсетемiн деп мақтанып, менiң басыма төмпештедi.

– Әй, Шаншаров-ай... – деп кейiдi мұғалiм. – Глобуста нең бар едi?.. Ол саған не жазды? Қазiр бүкiл дүние жүзi бейбiтшiлiк үшiн, жер-ананың жүрегiне жара салмау үшiн күресiп жатқанын бiлмегенiң бе?

Орнынан сүйретiле түрегелген Шаншаров ұялғанынан қып-қызыл боп, төмен қарады. Мұғалiмнiң ненi меңзегенiн түсiндi.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 2 928
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.