Сайт мәзірі
» » АЛМҰРТ (Апамның ертегiсi)

АЛМҰРТ (Апамның ертегiсi)

Ерте, ерте, ертеде, ешкi жүнi бөртеде қырғауыл жүнi қызыл екен, құйрық жүнi ұзын екен. Қазақ жұртының көшiп-қонып жүрген кезi екен.

Бiрде тауда түйе шөккенде бiр бала теңделген бе-сiктен құлап түсiп қалыпты. Нәресте бiр саялы, мәуесi түбiне төгiлген жемiс ағашының түбiне түседi. Ол алмұрт ағашы болатын.

Бала соның түбiнде еңбектеп күнiн көрiп, қаз тұрып, жүрiп, сол жерге таяу үңгiрге жемiстердi жыл сайын жинап, күнелтiп өсе бередi.

Содан ол үлкен жiгiт болады. Мұны бiр түлкi көрiп жүредi. Ол түлкi басқа ертегiлердегiдей айлалы қу емес, өте ақылды, мейiрiмдi түлкi екен... Адам санатына қосылып, бақытты өмiр кешуiне көмектесетiнiн айтады. Алмұрт адамдарға өкпелеп, алғаш көнбесе де, түлкi мейiрiмiн көрiп, ол райынан қайтады.

... Содан түлкi Алмұртты ертiп, бiр ел шетiне жетедi. Сосын түкең «баласын» қалың қамыс iшiне қояды.

Өзi хан ордасына барып, ханның қызын баласы Алмұртқа үйлендiрмекшi болып құда түсiп келедi. «Ал, мынау қайын атаңның күйеу баласына берген базарлығы, мұны киiп ал!» деп Алмұртқа жаңа киiмдер бередi. Сосын: «Қазiр алдыңнан жiгiт-желең, қыз-келiншек: «Қыз көретiн жiгiттi бiз көрейiк» деп шұбырып шауып шығады. Сонда үстiңе қарай берме. Күлкi болармыз», дейдi ескертiп.

Жiгiт әлгi киiмдердi кигенде, көркi көз аудартпас сұлу жiгiт болып шыға келiптi. Айтқандай, алдынан жүгiре шыққан топтан бiр жеңгесi қағытып: «Бұл бала өзi киiм көрмеген бе, неге үстiне қарай бередi?» – дептi. Сонда Түлкi iлiп алып. «О, оның бұрынғы киiмiн көрсеңiз ғажап едi! Бұған көзi үйренбей тұрғаны да», – дептi.

Содан хан Алмұртқа отыз күн ойын, қырық күн то-йын жасап, қызын ұзатыпты.

Той бiткен күнi Алмұрт Түлкiге келiп: «Түлкi шеше, ал ендi бұл жасауымды қайда алып бармақпын, үйiм жоқ қой?» – дейдi. Түлкi сонда: «Еш абыржымағын, Алмұрт! Сонау Ұлантаудың басындағы қасқа жолды көрдiң бе, содан әрi асып, түсiп келе берiңдер!» – дептi. Сөйтiптi де, өзi зыта жөнелiптi.

Содан Түкең зымыраған күйi таудай асып, оның арғы етегiндегi жалғыз ғана бiр жұмыртқадай аппақ үйдiң жанына жетiп құлапты.

Бұл осы аймақта тiрi жан несiне зұлымдығымен күн көрсетпей, неше заманнан берi елдiң зығырданын қайнатқан жалмауыз кемпiрдiң үйi едi. Жалмауыз кемпiр бұл кезде үй жанында күншуақтап отырған. Алдына серең етiп сұлап түскен Түлкiден: «Түкеш, не боп қалды?» – деп сұрады. Түлкi: «Сонау тау басындағы бұрқыраған шаңды көрдiңiз бе, шеше, жау келедi! Менi жасыра көрiңiз!» – дептi «аптығып»...

«Онда, шырағым, әуелi менi жасыра гөр!» – деп, жалмауыз кемпiр шұңқырға түсiптi. Оны Түлкi сол арада бастырып, берiк бекiтiп тастаған екен дейдi.

Түлкi осылай ақылы мен бiрге айласын да асырып, жалмауыз кемпiрдiң көзiн жойып, Алмұрттың көшiн қарсы алады. Етек толы үйiр-үйiр жылқы, мыңғырған түйе, сиыр, қора-қора қой... «О, бұл кiмнiң малы?» – десе, «Алмұрттың малы!» – деседi бәрi.

Содан Алмұрт осы үйге түсiп, шаңырақ көтерiп өмiр кешiп жатыпты дейдi... Бiр күнi Түлкi өтiрiк өлiп қалып, Алмұртты сынамақ болыпты.

Сонда жан жолдас зайыбы: «Әй, Алмұрт, анау түлкiнiң өлiгiн сыртқа шығарып тасташы», – десе, Алмұрт ойланбастан Түлкiнi құйрығынан сүйрете жөнелiптi. Бұған әрең төзген Түлкi орнынан атып тұрып, Алмұрттың жағасынан алып: «Мен сенi адам қатарына қосып, бақытты еткенiмде, анаңа көрсетпегiң осы ма едi?» – дейдi. Алмұрт Түлкiден тiзерлеп тұрып кешiрiм сұрапты: «Бiр бiлместiк өттi. Кешiре алсаң, кешiре гөр балаңды!». Түлкi кешiрiм етiптi.

Сол қайырымды да ақылды Түлкi бiр күнi шынымен өлiптi деседi. Сонда Алмұрт оны арулап, сандыққа салып сақтап қойған екен дейдi.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 5 636
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.