Сайт мәзірі

СӨМКЕ

Үй iшi түгел бас қосып, таңертеңгi шайды iшiп отырғанбыз.

– Менiң халатым көрiнбейдi, – дедi шешем.

– Менiң жұмыс киiмдерiм жоқ, – дедi әкем.

– Сарғыш көйлегiм кеше ғана анау iлгiште тұрған. Бiлмеймiн, жер жұтты ма, ұшты-күйлi жоғалды, – дедi әжем.

– Оны айтасың, менiң ескi пальтом мен бөркiм де жоқ, – дедi атам.

– Ұры түсуi мүмкiн емес. Сонда кiм алады? – деп, бәрi қайран.

Мен бұл iнiмнен келген пәле екенiн бiлдiм де, жымиып қойдым.

... Кеше күн жексенбi едi. Әке-шешем базарға кеткен. Атам мен әжем де жоқ. Үйде iнiм екеуiмiз. Ол ауыз үйде бiрденемен әлек, мен төргi бөлмеде кiтап оқып отырмын. Кенет ауыз үй күбiр-сыбыр бола қалды. Көршi үйдiң баласы Марат тұр.

– Самат шобытшы келдi, – дедi ол, – Шар, пистолет, машина, самолет, қармақ, қалам, сөмке, дәптер – бәрi бар.

– Жүр, көрейiк. – Екеуi шыға жөнелдi. Жарты сағаттай өткен. Iшке бiреу кiрдi. Iнiм екенiн сездiм. Мұрны шуылдап, ауыз үйде бiраз жүрдi де, шығып кеттi.

Мiне, айыпкер iнiм алдымызда тұр. Басы салбырап кеткен.

– Үйдегi киiмдердi шобытшыға тапсырғаның рас па? – дедi әкем.

– Рас... – Iнiмнiң ернi болар-болмас қыбыр еттi.

– Неге айырбастадың?

– Сөмкеге.

– Оны қайтпексiң?

– Келесi жылы оқуға барам ғой.

Әжем шыдай алмады, орнынан тұрып барып, iнiмнiң қолынан тартты.

– Кiшкене ғана құлыншағым менiң. Талабыңнан айналдым. Үйдегi бар киiм жолыңа садаға. Кәне, сөмкеңдi әкелшi, көрейiн...

Iнiм төргi бөлмеге жүгiрiп кiрдi де, әдемi қызыл сөмкенi алып шықты. Қуанышты.

– Дүкеннен-ақ алып беретiн едiм ғой... – дедi бiраз сабасына түскен шешем.

– Иә, саған... – дедi iнiм. – Талай рет «дүкенде жоқ екен» дегенiң қайда?..

Атам мен әжем немересiн еркелетiп жатыр:

– Талабыңа нұр жаусын. Жақсы оқитын бол!

 


ҰМЫТШАҚ

Еңбек сабағынан мұғалiм қағаздан үйшiк жасап келудi тапсырған. Әлденеге тыпыршып, байыз таппай отырған Ақтай ғана. Кеше әкесiнiң көмегiмен жасаған үйшiгiн әлгiнде ғана, үзiлiске шығар алдында парта үстiне қойып кеткен сияқты едi. Ұшты-күйлi жоғалды. Аң-таң. «Мүмкiн емес, – дедi ол. – Кiм болса да бiреу алған». Сол сәт парталас Дариғамен бiрде ренжiсiп қалғаны есiне түстi. Иә, сол әдейi қастықпен жоғалтып жiбермесiне кiм кепiл. Класқа апай кiрдi. Аралап көре бастады. Кезек Ақтайға келдi.

– Сен ше? – дедi мұғалiм.

– Әкеп едiм... – деп күмiлжiдi. – Жоқ... жоғалтып алдым.

– Мүмкiн, ұмытып үйде қалдырған шығарсың.

– Жоқ, әкелдiм. Қойдым мына жерге...

– Ендеше, кiм алады?

– Дариға... – дедi Ақтай бiрден. Оқушылардың назары ендi Дариғаға ауды.

– Мен алғам жоқ, – дедi ол жыламсырап.

– Осы... басқа ешкiм емес, – деп нығыздады Ақтай. Дариға жылап жiбердi.

– Жарайды, – дедi мұғалiм. – Кейiн анықтала жатар.

Дариға мектептен қайтқан соң да, жол бойы жы-лаумен болды. Оны ешкiм де жұбатпады. «Жыла, – дедi Ақтай iштей келекелеп, – Бiреудiң затын ұрлаған қалай болады екен».

Үйге келдi де, бiрден өз бөлмесiне ендi. Сөмкесiн қоя бергенде, терезе алдындағы өзiнiң кешегi үйшiгi көзiне түстi. Сенбей, ұстап та көрдi. Дәл өзi. Ұялғаннан бетiнен оты шықты. Дариғаға жөнсiз жала жауып, қатты ренжiткенiне өкiндi.

Ақтай үйден шыға сала жүгiре жөнелдi. Дариғадан кешiрiм сұрауы керек қой.


Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 3 642
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.