Сайт мәзірі

ОБАЛ

Жаз күнi. Таңертең Әсет iнiмдi ертiп, бұзауларды өрiске айдап тастап, үйге беттеп келе жатқанбыз. Алдымыздан қанаты сынған ба, әлде, топшысы үзiлген бе, бiр үйрек жерден көтерiле берiп, таяқ тастам жерге барып құлап түстi. Тұра қудық. Бiз жақындағанда ұша жөнеледi де, ұзамай қайта қонады. Үйректi қуалап жүрiп, ауылдан ұзап кетiппiз. Үйрек аспанға көтерiлiп, алғаш ұшқан жерiне қайта барып қонды. Балапандарын өзенге апара жатқан құс екенiн сонда бiлдiк. Бiзден балапандарын қорғау үшiн қолданған амалы екен.

– Жүр, балапандарын ұстап алайық, – дедiм Әсетке. Жүгiрiп отырып үйрек қонған жерге келдiк. Балапандар өзеннiң жарқабағына таяп қалыпты. Бiздi көрген үйрек: «Өлтiрiңдер, менi өлтiрiңдер, балапандарыма тие көрмеңдер!» дегендей жолымызды бөгеп, қалшиып тұр. Әсет жерден тас алып, жiберiп қалып едi, үйректiң басына тиiп, құлап түстi. Үйректi ұрып алғанымызға қуандық. Үйге келген соң, екеумiз жарыса сөйлеп, апамызға айттық. Апам қынжыла сөйледi:

– Байғұс ана-ай!.. Баласы үшiн отқа да, суға да түсiп, өлiмге де барады-ау. Мына үйрек те балапандарын қорғау үшiн өлiмге басын тiгiп, тайсалмаған. Бұл қылықтарың бекершiлiк болған. Шешесiнен айырылған балапандар қалай күн көредi, қайтiп жан сақтайды?..

Қателiгiмiздi мойындадық. Балапандарды аяп, мұ-ңайып қалдық. Қап, әттеген-ай!.. Обал болды-ау...

 

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 4 959
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.