Сайт мәзірі
» » ҒАЖАЙЫП ДҮНИЕ

ҒАЖАЙЫП ДҮНИЕ

Мейрамбек мектептен келдi де, қазыларын өрiске айдап шықты. Ауыл сыртындағы алаңқайдың көк шөбi жер бетiнен ине бойы көтерiлiп қалған. Күн жылы. Төмпешiктiң түстiк бетiне сарғалдақтар қаптап өскен. Мейрамбек қозыларына бiраз қарайлады. Сөйттi де, сар-ғалдақтар өскен қырға жүгiре жөнелдi. Жоғары көте-рiлдi. Былтыр осы төбеге зорға шыққан едi.

Төбенiң үстiнен ауылға қарады. Ана тұста өзiнiң үйi, ал сонау жерде өзiмен бiрге оқитын Марат пен Айгүлдiң үйi. Олар аулаларының алдынан көрiнбейдi. Әйтпесе қолын бұлғап, дауыстап шақырар едi. Мейрамбек шөп арасында жайқала өскен сарғалдақтар үстiне шалқая жатып, заңғар аспанға көз тастады. Көкте әппақ мақта секiлдi бұлттар жүзiп барады. Мейрамбек ендi байқады, аспан керемет екен!

Төбедегi бұлттар тұңғиық су iшiнде қалқып жүзген ақ бауыр қаздардан аумайды. Анау бiр бүлт ше? Ол тау-тау қып үйген ақ бұйра жүндей екен. Мына шеттегi бұлттың үстiне шығып алып, жер-дүниенi серуендер ме едi, шiркiн! Жо-жоқ, болмайды. Атасы мен әжесiн тастап не көрiнiптi. Мейрамбек бүгiн көктемнiң ғажайып сырына елжiрей қарады.

Биылғы көктем есiнде ұзақ сақталар-ау. Әсiресе, жаңа ғана көкке қарап шалқалап жатып, дүниенiң ғажап екендiгiне қайран қалғанын қарасаңшы.

Анау төмендегi ауылда өзiмен қол ұстасып бiрге жүрiп, бiрге оқитын Марат пен Айгүлдiң қасында жоғын айтсайшы! Мейрамбек орнынан тұрды да, қырдан еңiске қарай көйлегiнiң түймелерiн ағытқан қалпы зымырай жөнелдi.

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 8 767
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.