Сайт мәзірі
» » Жүз ауыз Өтiрiк айтқан тазша

Жүз ауыз Өтiрiк айтқан тазша

Баяғыда бiр хан болыпты. Ханның сұлу қызы бар екен.

Бiр күнi хан: «Кiмде-кiм жүз ауыз өтiрiк айтса, қы-зымды беремiн!», – деп жариялапты. Талаптының бәрi де өтiрiк айтайын деп одан-бұдан құрап айтса, не дәмiн келтiре алмай, не жүзге толтыра алмай, ханға басын алдыра берiптi.

Сонда бiр сиыр баққан тазша бала: «Ханға мен жүз ауыз өтiрiк айтамын», – деп мәлiмдептi. Хан: «Айт!» – деп рұқсат қылған соң, тазша бастап кетiптi: «Болмаған бозбала күнiмде, тумаған атамның жылқысын бақтым. Ағам арнап ұрғашы ала тайға ен сап бердi. Тұла тайым ай жасап, жыл жүрiп бала байтал болды.

Байталымды айғырға қостым, бұзау болды. Бiр күнi желiп жүрген ала бием бошалап кетiптi. Әкемнiң сары биесiне шығып, көздесем көрiнбейдi. Атымның үстiне құрығымды шаншып шығып қарасам көрiнбейдi, құрығыма қамшымды шаншып қарасам, көрiнбейдi. Қамшыма пышағымды шаншып қарасам, көрiнбейдi. Пышағыма бiзiмдi шаншып қарасам, көрiнбейдi. Бiзiме тебенiмдi шаншып қарасам, алты дарияның ар жағында, бес Дарияның бер жағында айға қарап құлындап, күнге қарап оттап тұр екен. Құлын биенiң белiнен былай бiр аттап, былай бiр аттап түседi екен. Құрығымды қайық қылып, әлгi дариядан ә дегенше сырғып өтiп, қасына жетiп бардым. Енесiне мiнiп құлынды өңгерiп едiм, көтере алмай омақаса жығылдым. Құлыныма мiнiп, енесiн өңгерiп алып, алты дарияны аттап, бес дарияның бер жағынан өте шықтым дегенде Хан: «Ой, ол дария дариялардай ғып айтып отырғаның шұқанаққа жаңбырдан iркiлген шалшық-малшық, – дептi. Тазша:

– Шалшық-малшық емес екенiн содан байқаңыз, бер жағынан ертемен ұшқан тұрымтай кешке ар жағына азар шығып қояды. Хан:

– Әй, оның тұрымтай емес, қанаты жетiлмеген балапан ғой. Тазша:

– Балапан-салапан емес екенiн содан бiлiңiз, тұ-ғырға байлағанымызда томағасы тоғыз қанатты үйдiң шаңырағынан асып тұрды. Хан:

– Ой, оның үй емес балалардың ойын күркешiгi ғой. Тазша:

– Күркешiк-мүркешiк емес екенiн сонан байқаңыз, есiгiнен өкiрген өгiздiң дауысы төрiне естiлмейдi. Хан:

  Ой, оның бiр тайынша қашқанның бұзау-мұзауы. Тазша:

– Оның бұзау-мұзау емес екенiн сонан бiлiңiз, бiр сапарда алпыс кiсi мiнгесiп жүрiп, кiсi басына алпыс алтыдан алдық. Сонда хан:

– Ой, өгiзiң құрысын, бағанағы биенi өңгерiп келе жатқан құлыным қайда кеттi? – дептi. Тазша:

– Дариядан өтiп келе жатсам, өспеген қоян өре қашқан. Тебенiммен тiреп тұрып, инеммен екi салып, бiреуiн соғып қалдым. Пiсiрiп жейiн деп, бiр етек тезек терiп әкелсем, барлығы бөдене екен. Ұйықтап ши түбiнде жатқанда, терiп ала берiптi. Әкелiп төгiп салғанда, ұшты да кеттi. Қайта барып шын тезек терiп әкелiп, қоянымды қақтап жеп, майын етiгiме жағып, биемдi бiр қазыққа байлап жатсам, ұйықтап қалыппын. Бiр мезет жау шапқандай тарс-тұрс төбелес шығады. Шошып оянып кетсем, аяқ жағыма тыққан екi етiгiм қызыл шеке болып төбелесiп жатыр. Бiр етiгiм бiрiне: «Маған су жақты, саған май жақты!» – дептi. Жанжалы осы. Ұрыстың басы былжырамадан шыққанын бiлдiм де, екеуiн екi қойып, орны-орнына тығып қойдым. Тағы ұйықтап қалыппын. Таң қылаңда тұрсам, май жаққан етiгiм жатыр, су жаққан етiгiм өкпелеп, қашып кетiптi. Шiркiн қанша ұзады дейсiң деген оймен сыңар аяқтап, iзiмен қуып кеттiм. Бием қазыққа байлаулы қала бердi. Желе жортып күн қуыппын. Ең аяғында етiгiмнiң iзi шырмаяқ шырды үлкенше соғып, адастырды да кеттi. Не болса да осы елден сұрайын деп, жақын жердегi бiр ауылға келсем, шыбын-шiркейдiң рулы аулы екен. Атақ-ты бiр адамы қаза болып, қасқа шыбын сойып, ас берiп жатыр екен. Сұрастырсам, қашқан етiгiм сол аста табақшы болып, табақ тартып жүр екен. Керiлген жерден көзiмдi алартып едiм, қорыққаннан қос табақ, сасқаннан сан табақ әкеп тартты. Еттi жеп, етiгiмдi екi құлағынан тартып, тебiне киiп, қайтып келе жатсам, бағанағы еттiң тұзы ащы болып қатты шөлдеп кеткенiм. Күн ми қайнаған ыстық. Су iшейiн деп құдыққа барсам, құдықтың суы қатып қалыпты. Балталасам ойылмайды, тескiлесем тесiлмейдi. Тепкiлесем болмайды. Шекеммен ақырын ғана нұқып қойып едiм, мұзы ойылып кетiп, мөлдiр суы көрiне кеттi. Iшiп, жұтып қанып алып, қайтып ауылға келе жатсам, жолдағылар: «Жаным-ау жарты бас қашан болғансың, шекеңнiң жартысы қайда?» – деп күлiседi. Бұлар не айтады деп сипап көрсем, шекемнiң жартысы бағанағы мұз ойған құдықта қалып қойған екен. Қайта жүгiрiп келсем шекемнiң шарасына алпыс үйрек ұялап, қырық қаз жұмыртқалап қалған екен. Барлығын үркiтiп жiберiп, шекемдi орнына орнатып, биеме қайтып келе жатсам, алдымнан алпыс құмырсқа шығып: «Ауылға жүрiп, түстенiп кетi-ңiз!», – деп жiк-жапар болып болмағаны. Қабырғаммен кеңесiп едiм, үй-түзiн көре кетелiк дегендей қыл-ған соң, құмырсқаның аулына келдiм. Төменгi үйдiң төрiнен, тоғыз бөлмелi үйдiң көрiнен орын берiп отырғызды. Үй иесi: «Мына кiсiге бураның санын бұзып, қазанға сал», – дегенiне бұл шiркiндердiң бурасы қайсы деп отырсам, шегiрткенiң сүрлеген саны екен. Алдыма әкелiп қойғанда, қара кездiкпен жамбасты қайшылап турағанымда, қайқайма табақ ет шықты. Артылғанын асатып, қалғанын қатын-баласына берiп, қайтып келе жатсам, жамбасымнан жанжал шықты. «Бұл не?», – деп, құлағымды салсам, қыным мен пышағым қүңкiлдесiп ұрысып келедi екен. Қын пышаққа: «Iшiп-жеп аласың да, iшiме жатып аласың!» – дейдi. Пышақ: «Тұмсығымды тамағалап, танауымды пысылдатып, iшкен жегенiмдi мұрнымнан шығарып келесiң ғой», – дейдi. Ұрысы осы, мұртымнан мырс етiп күлiп жүре бердiм. Бияда бес күн жаяу, жалғыз баяғы бие байлаған жерге келсем, бие байлаған қазығым шоңқиған қасқырдың мойны екен, құлынымен қоса бiр жапырағын қалдырмай жеп кетiптi. Осымен жүз ауыз болды, ханеке, – дептi Тазша. Хан сонда Тазшаны арқаға қағып, қызын қосыпты.

(Талдықорған уезi,

Ғали Орман ұлынан және басқалардан)

 

Байсарының Өтiрiгi

– Ақжол шабдар атым бар, Ақшамға азан айтып, аллању әкбар дегенде, Алматыдан шығып, Ла-й-ла-ња-ил-ла-ла дегенде, Қарғалыны қақ жарып, Ұзынағашқа бардым. Сол жерден бiр ауыз тиiп аттанып, бұлаң құйрықпен қазан қайнап жатқанда, Қазан қаласына бардым. Қазан қаласында бiр жомарт адам бар едi. Баяғы қонақ келдi деп атымды шаужайынан ұстай алды, – дептi.

(Алматы уезi, Байжарасұлы Рақметқалиден)

 

Өтiрiктi айтқан жақсы қостаушысы табылса

Екi өтiрiкшi бiрi бастап, бiрi қоштап ел аралап, өтiрiк айтпақшы болыпты. Бiреуi бiр күн iлгерi жүрiл, ел аралап қонған, түстенген жерiне, жолыққан адамына өтiрiк айта бермекшi болыпты. Екiншiсi бiр күн кейiн жүрiп, сол жөнмен алдыңғы өтiрiкшiнiң айтқанын растамақшы болыпты.

Өтiрiк бастаушы бiр ауылға келiп қоныпты. Ауыл адамдары: «Жақсы-жаманнан не тiл бар?», – десе, өтiрiкшi: «Ел аман, жұрт тыныш. Жалғыз-ақ көктi көбелей, аспанды аралай кешiп бара жатқан елдi көрдiм», – дептi. Ел нанбапты.

Ендi келесi кешке сол ауылға қостаушы өтiрiкшi келiп қоныпты. Ауыл адамдары тағы да: «Жарқыным, жақсы-жаманнан не тiл бар, кеше бiр қонақ, көктi көбелей, аспанды аралай ел көшiп бара жатыр екен дейдi. Онан не бiлесiң?», – дейдi. Қостаушы: «Болса-болар, өйткенi аспаннан анда-санда керегенiң сағанағы түсiп бара жатқанын көрдiм», – дептi. Бұл өтiрiк содан кейiн лақап алып елге тарап кетiптi.

Келесi күнi өтiрiктi бастаушы ендi бiр елге келгенде, тағы да естiген-бiлгендi сұрағанда: «Бөтен айтарлық сөз жоқ, жалғыз-ақ жолда бiр үлкен көл өртенiп жатыр екен», – дептi. Ел нанбапты.

Ендi келесi күнге алдыңғы уәдемен қостаушы өтiрiк-шi келiп қоныпты. Ауыл адамдары тағы да: «Жарқыным, жақсы-жаман не тiл бар. Кеше бiр қонақ келiп, жолда бiр көл өртенiп жатыр екен деп кеттi. Онан не бiлесiң?», – дейдi. Сонда қостаушы: «Пәлi, жолда бiр кеберген көлдiң табанынан пiскен балық жеп, қайран болған едiм. Мынауыңыз сол жер болар», – деген екен. Бұл тапқырлыққа риза болған ел: «Өтiрiктi айтқан жақсы, қостаушысы табылса», – деп мәтел етiп кетiптi.

 

Шәркей

Шәутен деген бала бар едi. Оның бiр әдемi ақ қозысы бар едi. Шәутен ақ қозысын жақсы көрушi едi. Қозысының енесiн апасына өзi саудырушы едi. Қозысын өзi көгендеп, өзi ағытушы едi.

Шәутеннiң аяғында шәутиген ғана шәркейi бар едi. Ағытып жатқанда қозысы Шәутеннiң аяғын басып, шәркешiнiң ұлтанын түсiрiп, жыртып-жыртып кеттi. Шәутен шәркейiне жылап жiбердi.

Апасы:

– Қой, балам, жылама! Осы қозының өзiнiң жүнiн шәркей ғып берем, онда қайтер екен, – дедi.

Ақ қозы үлкен марқа болды. Кiшкене күндегi әдемi ақ бұйра жүндерi ұзыннан-ұзын болып кеттi. Шәутен де өстi. Жамаулы жаман шәркейi кiшкенеден-кiшкене болып, аяғына симай қалды.

Шәутен:

– Апа, шәркейiм аяғыма симай қалды, – дедi. Апасы:

– Ендеше ақмарқаңды қырықтырып әкеле ғой, балам, – дедi. Шәутен Сансызбайға марқасын қырық-
тырды.

Шәутен апасына:

– Апа, марқаны қырықтырып, жүнiн әкелдiм, ендi шәркейiм болды ма? – дедi.

Апасы:

– Жоқ, балам, жүндi сабайын, – дедi.

Апасы тулақ жайды. Ауылдың қатын-қалашын жинап, жүндi сабады.

Шәутен апасына:

– Апа! Шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, шиге тартамын, – дедiн

Қатындар жүндi шиге шабақтады, аппақ майдасын бетiне тартып.

Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, су құйып, сүйретемiз, – дедi.

Су сеуiп, шиге орады, екi кiсi тартып, езгiштедi Шәутен апасына:

– Апа, ендi шәркейiм болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, бiлектеймiз, – дедi.

Апалары бiлектедi. Бiр жазып, бiр бүктеп, көп-көп бiлектедi Шәутен апасына:

– Ада! Шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, шәркейдi ендi қарпимыз, – дедi. Апалары киiздi тiктi, қайта-қайта қарпи бердi Шәутен апасына:

– Апа, ендi шәркейiм болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ балам, кепсiн, – дедi.

Апасы киiздi таза жерге жайып тастады. Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм еңдi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, еңдi пiсiремiз, – дедi. Қайтадан қайта-қайта бiлектедi. Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, тағы да кепсiн, – дедi. Апасы киiздi тағы далаға жайып қойды. Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, пiшемiн, – дедi

Апасы қайшымен екi шәркей пiшiп алды. Шәркей-лердiң желкесi қыжырайып, басы ақмарқаның кiшкене күнiндегi сықылдана қалды. Шәутен жымың еттi.

Шәутен апасына:

– Шәркейiм ендi бiттi ме? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, жүн шүйкелеймiн, – дедi. Апасы шуда шүйкеледi.

Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм ендi бiттi ме? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, жiп иiремiн, – дедi. Апасы жiп иiредi.

Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, сыримын, – дедi

Апасы жiптi инеге сабақтап алып, көп-көп тiгiп, сырыды. Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Жоқ, балам, ұлтарамын, – дедi. Апасы ұлтан салып ұлтарды. Шәутен апасына:

– Апа, шәркейiм ендi болды ма? – дедi. Апасы:

– Иә, балам, ... болды. Кел, аяғыңа ки, – дедi.

Шәутен киiп алды. Аяғына шап-шақ қана, әдемi, ақ шұбар шәркей болыпты. Шәутен қуанды. Апасын құшақтап, бетiнен сүйдi Шәутен марқасына келiп:

– Мiне, бәлем! Менiң шәркейiм, – дедi.

Марқасы:

– Iм-iм-iм-iм..., – дедi.

(1929 жыл. Латин әрпiнен түсiрiлген)

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 5 045
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.