Сайт мәзірі
» » Алғашқы қар

Алғашқы қар

- Дәурен, терезеге қарашы, қар жауып тұр ма? – деп, ауруы асқынып, ауыр күрсінген Сәуле қинала сұрады.

- Жоқ, әлі жауған жоқ. Аспан түнеріп тұр ғой жарықтық, жауатын шығар.

- Мен ақ қарды ұзақ күттім. Биыл неге қар ерте жаумай жатыр екен? 

Төсекке таңылып жатқан Сәуле өткен өміріне көз жүгіртті. Адамның жаны қиналғанда көз алдына сайранмен өткен жастық шағы, босқа өткен уақыты, денсаулығына салғырт қарағаны несіне еске түсе береді екен? Істеген істері мен маңдай терімен тапқан дүниесін қайда жұмсағаны да пенденің ойынан кете қоя ма? Жалған өмірдің жылт еткен сәулелі сәттері де қылаң береді. Өмірінің ең жарқын сәті таныс киноның лентасындай зу етіп өте шықты. Міне, ақ бас киім, ақ пәлте киініп, ақ шарфы оранған, ақ етікті, қарақат көзді әдемі қыз әп-сәтте еріп кететін ақ қарды уысында ұстап, қызықтап тұр... Құдды ақшақар секілді.

- Сәуле, сенің қысты ұнататыныңды білем. Бірақ сен алғашқы қарды ерекше жақсы көресің, иә? – деді Дәурен жұбайын жұбатпақ болып. 

 - Қар жауды ма? - деп Сәуле қайталай сұрады. От лаулаған пештің түбінде жылынып, кітапқа бас қойған Дәурен терезеге қарады.

- Сәуле, қар жауыпты!

- Мені, орнымнан тұрғызшы. Алғашқы қарды өз көзімнен көргім келеді. 

Дәурен сүйіктісін қолтығынан демеп, сыртқа шығарды. Таң бозарып атыпты. Жер мен көктің арасында болмашы жел еседі. Аспан тұманға оранғандай. Қара жерге ғашық аппақ қар сонау көктен құйғыта кеп, топырақтың бетін шөп-шөп сүйіп, сағынғанын білдіріп қояды. Енді бірі қалықтай қонақтап, жапырағын қоңыр күз тонап кеткен ағаштарға басу айтқандай, ақ мамыққа қымтай түсуде. Бозғылт аспан тым биіктен жастық-бұлтының ақ қауырсының шашып-шашып жібергендей, қара жер әп-сәтте ақ кебінге орана бастады.

- Алғаш жауған қар неткен әдемі! Қар жапалақтап жауғанда жаным рахаттанып, айналам сұлулыққа бөленіп кетеді. Маған ерекше күш-қуат сыйлайды.

- Иә, біздің бала күнгі арманымыз секілді.

- Сен ештеңе түсінбедің, Дәурен! Аппақ қар тәңірдің адамдарға жауған нұры. Мен балалық шағымда алғаш рет жауған қарға қос алақанымды тосып, көкке қарап, Жаратқаннан тілек тілеп тұратынмын.

Дәурен жұбайына жалт қарады. Дәл қазір жанында бөтен біреу отырған секілді. Қалбалақтап ұшқан қар ұшқындары денесіне тиіп, лезде еріп кетіп жатыр.  

- Қызық екен? Сонда не тілейсің?

- Жер бетіндегі адамдар бір-біріне мейірімді, кешірімді болса екен деп тілеймін. Мен жыл сайын аппақ қар жауғанда тәңірден осы алғашқы қар секілді пенделердің жүрегі кіршіксіз ақ, жаны нұрдай таза болса екен деп жалбарынам.

- Екеуіміз бір шаңырақ астында тұрғалы талай жыл өтіпті. Бірақ мен сені әлі түсінбей келем. Бірде демалыс күні ақ қар жауды. Мен үй ішінде кітап оқып отырып, терезенің ар жағында сенің қалықтай ұшып жерге жаңа түскен аппақ қарға қос алақаныңды тосып, көкке көз тігіп тұрғанына қайран қалғанмын. Сол кезде мен басымды шайқап, мырс етіп күліп қана қойғанмын. 

Ауруының асқына түскенін жасырып қалған Сәуле еріксіз езу тартып күлді. Жүзінде бір белгісіз қуаныштың табы білінсе, ойлы жанарлары мұңға толы еді.

- Өмір бойы сенімен бірге жүрсем де, түсіне алар емеспін. Мұнша қияли болармысың? Әлде, есіңнен алжасайын дедің бе?  

- Жоқ, мүлде олай емес. Айттым ғой, мына ақ қар Жаратқанның бізге берген аманаты. Бәлкім, ескертуі де шығар. Адамдар ақ қар туралы не ойлайды екен? Маған сол қызық. Біз күнде тіршілік қамы жайлы ойлай береміз. Ақ қар бізге нені еске салды? Шіркін, әлемнің жүрегі менің жүрегім секілді болса ғой. Тек менің тілегім ақ болса да, жүрегім таза деп айта алмас едім. Сол үшін құлшылық қылам. Білесің бе, мен түсімде ақ қар көрем, аппақ нұрға шомылып жүрем.

- Жынданайын дегеннен саумысың?! Не айтып кеттің? Біз жылдың төрт мезгілі алма кезек келетін жерде өмір сүріп жатырмыз. Әр қыс сайын қар жауады емес пе? Аманат дейсің бе? Ертең-ақ адамдар аппақ қарды табанымен таптап, жер бетін былғайды.

- Солай ғой. Бірақ аппақ қар бір сәтке болсын арды еске салады. Сабырлы қара жер әлемнің бар күнәсін үнсіз бойына сіңіреді. Мен бір нәрсеге қапалымын. Біз перзент сүйе алмадық. Өміріміз босқа өткендей...

- Иә, оның рас. Біз ұрпақсыз дүниеден өтіп барамыз, - деді Дәурен терең күрсініп.

- Мен баламыз болса екен деп армандайтынмын. Дәрігерден өзімнің сәби сүйе алмасымды білгенде әрбір қазақ шаңырағында бала көп болса екен деп тіледім. Шіркін, біздің баламыз болғанда ғой, ол да мен секілді алғашқы қар жауғанда қуана ойнап, адамдарға жақсылық тілеп тұрар еді...

- Түсінші, Сәуле! Біз екеуміз ғанамыз. Оны несіне айта бересің. Енді сен секілді тілек тілейтін ешкім жоқ.

- Мен адамдарға жақсылық тілегенім үшін ертең-ақ сый-құрметке кенелетініме сенем. Бізді тек сенім мен үміт алға жетелейді. Маған осы ақ қар бір хабар беретіндей. Міне, көрмейсің бе, төбемізден сауылдап нұр жауып тұр. Біз де өзгелерге осылай болуымыз керек.

Дәурен жан-жағына қарады. Көшеде кетіп бара жатқан адамдардың үстіне қар қалықтай қонып, нұр боп сіңіп жатқанын көрді. Ол тәңір нұрының игілігін адамдар көктемде көретінін білетін.

- Жүр, Сәулем, үйге кірейік. Жаурап қалдың ғой, - деді Дәурен жарын еркелете. – Ақ қар ешқайда кетпейді. 

- Кішкене тұра тұрайықшы. Аппақ нұрға шомылған қандай керемет! Өмір сүргім келеді.

Шал мырс етіп күлді де, кемтар кемпірінің қолтығынан демеп, үйге кірді.

...Биыл тағы да жапалақтап алғашқы қар жауа бастады. Бұл кезде әбден қартайып, бойынан әл кетіп, суық үйде күрк-күрк жөтелген Дәуреннің түсіне ақ қар кіріп жатты. Себелеген аппақ нұр арасынан өзінің сүйгені Сәуле қол бұлғап, шақырып қояды. Қария оянып, көзін ашса, денесі тоңазып, суықтан селкілдеп жатыр екен. Жаныңда тірі жан жоқ. Терезеге қараса, таң атып қалыпты. Ақ қар жауып тұр екен. Өмірге деген құштарлығы оянып, далаға шығып, таза ауа жұтқысы келді. Алақан жайып, ақ қардың иесінен тілек тілегісі келген. Тек әжім басқан ебедейсіз, тарамыс-тарамыс қолдарымен сал боп қалған денесін көтере алмады. Лезде еріп кететін ақ қарды қолымен ұстау арман болғанын сезгендей қатты өкінді. Осы сәтте қарттың бетін жып-жылы жас жылытып, жұбатып жатты. Сәлден соң кірпіктері әрең қимылдады. Жүзіне сабырлы тыныштық тұнды.

...Аппақ қар әлі жауып тұр. Тек үйден тілек тілейтін ешкім шықпады.
Қосты: Нурхан
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Әңгімелер
|
Көрсетілімі: 8 171
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.