АРЛЫ БАЛА
АРЛЫ БАЛА
Ертеде, бұрынғы өткен заманда, бір мақтаншақ бай болыпты. Ол кешкілік ауыл сыртындағы төбеге шығып, еркек кіндіктілерді жинап алып әңгіме-дүкен құрып отырғанды ұнатады екен. Бір күні төбе басындағы топтың жанына ойнап жүрген ауыл балалары келе қалады.
Ерігіп отырған бай балаларды күрестірмек
болады. Ортаға байдың баласы шығады. Екі мықынын таянып талтайып тұрған бай
баласына ешқандай бала батпайды.
— Кәне, байекеңнің баласымен қайсың күресесіңдер? Келіңдер. Мырзаға батпайсыңдар,
ә? — деп бір мосқал жылтыр қара балалардың әрқайсысына бір қадалады.
Балалардың бәрі жерге қарап, шегіншектей береді.
Мосқал қара енді балаларды шап беріп шетінен ұстап, бай баласына қарай итеріп жіберіп тұрады. Бай баласы қолына тиген баланы жерге атып ұра береді. Әп-сәтте балалар ұмар-жұмар болады.
Бай қолын көтереді:
— Уа, тоқтандар! Қыранның баласы да қыран,
қарғаның баласы да қарға. Менің баламмен күресу — қайда бұларға? Қойыңдар.
Доғар, балам! Біреуін майып қып
жүрерсің тағы.
Жұрт тына қалады.
Бай қарқ-қарқ күледі, ал баласының екі езуі екі құлағында, мәз.
Сол сәт ортаға бір бала атып шығып, байдың баласымен ұстаса кетеді. Сол сол-ақ екен, әлгі көз ілеспес шапшандықпен байдың баласын атып ұрады да, басынан аттап кетеді.
Ел ішін тартып, бір сұмдықты күтеді.
Мосқал жылтыр қара кісі палуан баланың әкесі еді. Ол тұра жүгіріп барып баласының жағасына жармасып, дедектетіп ортаға сүйреп әкеледі.
— Иттің ғана күшігі, осы жаңа еді ғой жығылып қалғаның. Сені қай шайтан түртті? Қайтіп жықтың байекеңнің баласын?
— Онда мен сізді аяғам, енді өзімді аядым.
Әкесі баласын одан әрі жұлмалады.
— Не деп түр мына оңбаған?
— Мен қарғаның баласы емеспін.
— Апыр-ай, құртты-ау! Мынау бала емес, пәле екен, ей!
Әкесі баласын ұрмақ болып, қолын көтере берген.
Сол сәт көпті көрген көнекөз, аппақ сақалы омырауын жапқан қария:
— Тоқтат, жетер! Әй, өңшең ез. Жұдырықтай
бала құрлы намыс болмаған соң өстіп қарға құсап шуылдамағанда қайтпексіңдер?!
«Күш атасын танымас» дегенді
неге білмейсіңцер. Балам, кел бері! Арлы адамның ісі — сенікі, айналайын!
Малсыз болсаң да арсыз болма. Бүгін өз намысыңды қорғай білсең, ертең — еліңнің
намысын қорғарсың, — деп намысшыл палуан баланы жанына шақырып алып, маңдайынан
иіскеп, бетінен сүйеді.
Бай бас бармағын шайнайды. Абайламай сөйлеймін деп, өзінің де, баласының да абыройын айрандай төгіп алған еді.
Байдың баласы әкесі сияқты дөң кеуде бай болады: Әкесінің байлығын еселей түседі.
Ал кедейдің баласы ақсақал айтқандай, жамбасы жерге тимеген палуан, ел намысын ардақтаған батыр болады. Қол бастап, халқын талай жаудан қорғап қалады.
Әлдихан Қалдыбаев