Сайт мәзірі
» » Қасқыр мен кісі

Қасқыр мен кісі

Қасқыр мен кісі


Бір қасқыр тамақ іздеп келе жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, бұлай жұлқынып, зорға құтылады. Қашып бара жатқан касқырды аңшылар көріп, артынан қуа жөнеледі. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады: «Қайтсең де мені жасыр, ұмытпаспын жақсылығынды, мені   қабыңа    салып,    арқалап   жүре    бер»,— дейді.

Қасқыр жылап тұрған соң, егінші адам қабына салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей аңшылар мылтық. қылышын жарқылдатып жетіп келеді. Кісіден сұрайды:

—  Қашып     бара    жатқан     қасқыр     көрмедің    бе?—деп.

Кісі:

— Жаңа бір қасқыр анау шоқайдан қашып өтті, тезірек ұмтылыңдар,— дейді. Аңшылар асып кеткеннен кейін, егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға:

— «Жөніңе жүре бер, маған да бір жақсылық етерсің»,— дейді. Қасқыр қуанып секіріп шығып, егіншіге:

— «Мен сені жеймін, қарным ашты»,— деп тап-тап береді.

Егінші байғұс сасқалақтап:

—  Ай, қасқыр, бұның қалай, мен сені өлімнен құтқарып алып қалып едім, жақсылыққа жамандық ете  ме  екен, олай  болса төрелетейік, қайсымыздікі жөн екен,— дейді.

Екеуі керісіп тұрғанда қаңғырып бір жағынан түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып шығады. Түлкі:

— Жоқ сөзді айтпаңыздар, менен басқа біреу естісе күліп жүрер, дорбаға үлкен қасқыр сыйды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік,— дейді.

Қасқыр мен кісі «бұл рас» деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға:

—  Қапқа   кірмей   сенбеймін,— дейді.  

Қасқыр   сендірмекші боп қапқа кіргенде, түлкі егіншіге:

— «Байла қаптың аузын, енді қимылдайтын   кезің  келді,   қане   мен   көрейін,  күздігүні   егінді қалай соғып жүрсің?»—дейді.

Егінші құралын алып, қасқырды ұра бастайды. Түлкі:

— Енді қаптың аузын аш,— дейді.

Қасекең алды-артына қарамастан шыға жөнеледі. Артынан түлкі:

— «Көптен бері істемеген бір әділ төрем еді»,— деп сақ-сақ күліпті.

Сөйтіп, егінші байғұс түлкінің айласымен ажалдан құтылыпты.

Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 3 696
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.