Сайт мәзірі
» » Құмырсқа қанағаты

Құмырсқа қанағаты

   Ертеде бір оқымысты болыпты. Ол барлық халықтың, жан–жануардың, жәндік, өсімдіктің тілін түгел біледі екен. 
   Бір күні ғұлама бақ ішінде келе жатып, құмырсқаның илеуіне тап болады. Қарап тұрған біреуі жоқ: бір тобы індерін кеңейтіп жатыр, бір тобы нән құртты сүйретіп келеді, енді біреулері күзет қорықта жүр, ал ана біреуі басқа илеуден ұшырасқан құмырсқамен алысып жатыр. 
   Әлгі адам бір құмырсқаны ұстап алады да: 
   – Сенің басың неге үлкен? - деп сұрайды. 
   – Ақылым көп. 
   – Құйрығың неге үлкен? 
   –  Қайратым  көп. Өзімнен  қырық  есе ауыр жүкті көтере аламын. Қайратымды құйрығыма жинамасам, ауыр жүкті көтергенде, тоңқалаң асар едім,  -  дейді 
   Құмырсқа:  
   – Ал сенің ішің неге жіңішке? 
   – Қанағатым көп.  
   – Жарайды,  - деді оқымысты. – Ақылың мен қайратыңның көп екеніне көзім жетіп тұр. Енді қанағатыңның қандай екенін білейін. Егер саған бидайдың бір дәнін берсем, қаншаға жеткізер едің? 
   – Бір жылға жеткізер едім, – депті құмырсқа. 
   – Оқымысты құмырсқаны сауытқа салып, қасына бидайдың бір дәнін қояды. Бір жыл өткен соң сауытты алып қараса, құмырсқа бір қырынан бүк түсіп, қимылсыз жатыр екен. Қасында бидай дәнінің жартысы қалыпты. Әрі–беріден кейін бірте–бірте мұртын, аяғын қимылдатады да, құмырсқа орнынан тұрады. 
   – «Бір дән маған бір жылға жетеді» деп едің. Жыл өтті, ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай? – деп сұрады оқымысты. 
   – Иә ... ол дәнді бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлде қайда жақсы болған болар еді. Бірақ сен бір жылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан–босқа аштан өлген болар едім. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, – деп жауап береді құмырсқа. 
   – Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің? 
   –  Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, –депті құмырсқа.  
  

Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 14 294
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.