Сайт мәзірі

КІМ КҮШТІ?


Күресе де білетін,
Тіресе де білетін
Алтай бала бәрінен
Күштімін деп жүретін.
Қызарса да құлағы,
Тарқамайтын құмары.
Абайсызда бір күні
Мұзға тайып құлады.
Көз алдына бұлт қонып,
Кірпігіне шық толып,
Ісіп кетті шекесі,
Күдірейіп, күп болып.
Мұз дегенің мықты екен,
Қалай ұрып жықты екен,
Білейінші — мұндай күш
Бұған қайдан бітті екен!
Әй, мұз, дейім, мұз, дейім,
Бәрін айтып тізбейін.
Сенен күшті бар ма осы?
Бар болса, мен — іздейін.
— Не дегенің, шырақ-ау,
Менен күшті Күн — анау.
Тастаса бір сәулесін,
Тас-талқаным шығар-ау...
Теңізді де кешеді,
Таудан тауға көшеді,
Алтай бала, ақыры,
Күнге барды, деседі.
— Қандай өзің көрікті ең,
Тұрмын Жерден келіп мен.
Сенен күшті бар ма осы,
Тастай мүзды еріткен?
— Соған, балам, сендің бе?
Анау бұлтты көрдің бе,
Сол күштірек, бөгесе,
Өте алмаймын мен мүлде...
Тарқамайды құмары,
Тау басына шығады.
Будақ-будақ бұлттардың
Бала жөнін сұрады.
Бұлттар келіп топталып,
Айтуға енді оқталып
Жатқанда, жел кенеттен
Қуып-айдап, кетті алып.
— Жел, әкеттің бұлтты айдап,
Күн сәулесі шықты ойнап.
Сен екенсің ең күшті,
Таба алмап ем қатты ойлап.
Ортекедей орғыған
Масаттанды жел бұған.
— Қозғалтшы енді, батырым,
Мына тауды орнынан!
Жел олай бір жүгірді,
Жел былай бір жүгірді.
Қозғалмасын білді де,
Құзға барып жығылды.
— Деген біреу Жел күшті,
Желдің өзі жер құшты.
Бәрінен де, Асқар тау,
Сен екенсің ең күшті.
— Жоқ!— деді тау,
— Менен де
Күшті мынау Емендер.
Тұрса дағы денемде,
Тамыры оның тереңде!
— Мұз да қалды далада,
Құз да қалды далада.
Күн де қалды көгінде,
Түк болмады Желің де,
Ең күштісі, Еменім,
Сен екенсің, тегінде.
— Әлі сен жас баласың,
Әрнеге таң қаласың.
Қажет етсең менен сен
Қағаз жасай саласың.
Мұз, күн, бұлт, жел, қара орман
Адам үшін жаралған.
Бәрін соның қорғайтын —
Күшті ешкім жоқ адамнан!


Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 31 359
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.