Сайт мәзірі
» » ШАЙТАН МЕН СТАРШИН

ШАЙТАН МЕН СТАРШИН

ШАЙТАН МЕН СТАРШИН.

(Латыш ертегісі)


Cтаршин, өз үйінен шығып, алпауыттың үйіне қарай келе жатты. Оған жолда шайтан ұшырады. Екеуі әңгімелесіп келе жатты.

Жол бойында бір жас бала шошқа бағып жүр екен. Үлкен қара шошқа егінге барып түсті. Оны бала жүгіріп барып қайырып:

Шайтан алғыр деп ұрысты. Старшин шайтанды түртіп қалып:

Естимісің, саған шошқа сыйлап жатыр ғой, алмаймысың ба, — деді.

— Алмайым. Бала оны шын көңілімен айтқан жоқ, ашумен айтты. Мен шошқасын алып кетсем, бишара жетімге қожасы күн бермейді ғой, — деді шайтан.

Екеуі әңгімелесіп жүре берді. Жол бойында егін орып жүрген бір әйелге кездесті. Әйел терлеп-тепшіп егін орып жүр, анадай жерде жас баласы шырылдап жатыр. Әйел ашуланып баласына:

— Шайтан алғыр, үніңді өшір. Сені шайтан алса, кұлағыма тыныштық болар еді, — деді.

Старшин тағы да шайтанды түртіп қойып:

— Естимісің, саған бала сыйлап жатыр ғой, барып, алсаңшы, — деді. Шайтан:

— Алмаймын. Бала деген ананың қуанышы ғой, алып қайтейін. Бишара күйгенінен айтып жатыр ғой шын көңілімен айтып жатыр деймісің — деді.

Екеуі тағы да әңгімелесіп кете берді, Жол бойында алпауыттың егінін орып жүрген бір топ шаруаға кездесті.

Олар старшинді көргенде ашу, ыза білдіріп:

– Алпауыттың ала төбеті келеді. Тағы кімнің басына таяқ ойнатқалы келеді. Осы итті, әйтеуір, шайтан алмай-ақ қойды, — десті.

Осы кезде шайтан старшинды түртіп қалып:

– Естимісің, маған сені ал, — деп жатыр ғой. Бұлар шын көңілдерімен айтып жүр. Ендеше мен сені  алам, — деді.

Сөйтті де, шайтан старшинды алып, дозаққа қарай құйындай ұшып кетеді.

Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Ертегілер
|
Көрсетілімі: 1 909
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.