Сайт мәзірі

Құлыным


Құлыным, құр-құр, құлыным,
Қасыңа жақын барайын.
Желбіреп тұрсын тұлымың,
Жалыңды күлте тарайын.

Құлыным, тыр-тыр, құлыным,
Елеңдеп бекер үрікпе.
Бекіді берік буының,
Көрейін бір сәт мініп те.

Құлыным, пай-пай, құлыным,
Шашаңа қияқ шаң жұқпас.
Тектіден туған тұқымың,
Сәйгүлік еді шаң жұтпас.

Құлыным, жайнаң қағасың,
Түгің де жібек түріндей.
Жұлдыздай зулап ағасың,
Тұяғың  кесе түбіндей.

Құлыным үркек еліктей,
Жанарың мөлдір өріктей.
Танауың басқан көріктей,
Шабасың қырда демікпей.

Құлыным, құр-құр, құлыным,
Ор қоян құсап ойнақшып.
Желіде жетер тұруың,
Төскейге жасыл ойнап шық.

Құлыным, жарыс желменен,
Бауырды жазып шүйлігіп.
Шаңыңда қалсын кер дөнен,
Шынықсын бойың ширығып.

Құлыным, пыр-пыр, құлыным,
Тұр екен көзің шоқтанып.
Аралап дала бұлыңын,
Жұлдыздай ақшы жонданып.

Құлыным, ой-һой, құлыным,
Жүйіткіші  оқтай ағылып.
Ауаның жұтып тұнығын,
Көк нілге шашаң малынып.

Құлыным, ой-һой, құлыным,
Бақ сынар шақта топта ерен,
Бәйгенің алар тұғырын,
Тұлпар боп түле ақберен.

Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Төрт түлік, аң-құстар
|
Көрсетілімі: 2 154
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.