Сайт мәзірі
» » » Мен неге қазақтықтан сақтанамын

Мен неге қазақтықтан сақтанамын

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасан қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа тойып.

Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаны тітіркенткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбағыс, Күншығысқа әмірі жеткен.

Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,
Талай царь, талай князь тәжім еткен.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанмын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.

Сүйдіріп жүрегімді тартқан менің,
Сарыарқа, Сарыдала туған жерім.
Көк күмбездің астында көк масаты,
Сәулемен алтындаған сары белім.

Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,
Иісі аңқып бетім сүйген самал желім.
Кіндік болып малменен жанды өсірген,
Жаз жайлау, күзгі күзек қысқы тебін.

Даламның мен сағынам бек пен ханын,
Ел үшін аямайтын шыбын жанын.
«Қайғысыз ұйқы ұйықтатып»
Қайғырусыз жылқы бақтырып,

Қалыңсыз қатын құштырып,
Алашты «алаш» қылған сабаздарым. 
 «Топтан торай шалдырмасқа,
Қазақтың бір тайын кәпірге алдырмасқа.

Бір түнде тоқсан ойланып,
Тоғыз төңкерілетін....»

Ел қорғаны ерімнің сүйем бәрін.
Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға Алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Туған жер туралы
|
Көрсетілімі: 13 685
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.