Сайт мәзірі

СӘУІР ШУАҒЫ


Сәуірдің  самалымен майда қоңыр,
Желпініп тыныстайды байтақ өңір.
Нұрымен қыздырынып жадырайды,
Түрленген тотыдайын жайнап өмір.

Жырланып құс тілімен  асыл арман,
Сауықтың  ордасындай жасыл орман.
Кең дала шақырады құшақ жайып,
Құлпырған шоқ-шоқ гүлін тосып алдан.

Жайнайды көз жауын ап бұлғақтаған,
Нәп-нәзік  қызыл-жасыл гүл қаптаған.
Сергіткен  мәре-сәре қызығы мол,
Өмірдің әнін жатыр тыңдап далам.

Шарықтап қырдан ұшқан көкке самғап,
Қыранда жоқ па дерсің түк те салмақ.
Арасы жер мен аспан жалғасқандай,
Алыпты бұлт шудасын шөпке жалғап.

Шопанның алауласа жанған оты,
Қағылар үй төрінде ән қанаты.
Суы бал,
Кәусар ауа,
Көрсем сурет
Жайлау да жер асылы — жер жаннаты.

Шаттанып күлген бала сияқтанып,
Былдырап бұлақ жатыр күй ақтарып,
Бел бусанып, ұйқыға кеткен шақта
Телміріп ай қарайды қияқтанып.

Аспанның нұрға бөлеп кеңістігін,
Толқиды көк теңіздей егістігім.
Несібі дүйім елдің — алтын алқап,
Ырысы,
Берекесі
Жер үстінің.

Көк шықты. Енді мал да тарықпайды,
Атам жүр шуақтатып арық тайды.
Қарсы алған  сексенінші сәуір айын,
Қиқулап көңіл құсы шарықтайды.

Жылқылар кісінесе шатқалынан,
Қой өрер көк белестің қапталынан.
Қыз-жігіт төске тағып қызғалдағын,
Шарлайды өскен гүлді ат бауырынан.

Жайнап тұр бар сенімен ашық далам,
Көз тоймай қарай берем, ғашық болам.
Қайындар ақ балтырын жалтыратып,
Жырлайды жүрек сырын ашып маған.

Мөп-мөлдір шыны түстес әуе көгі,
Ақ таңнан сәукеле нұр сау етеді.
Сәуірдің шуағынан жылу алған,
Жайсаң жер,
Қандай көркем тау етегі.

Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Жыл мезгілдері туралы
|
Көрсетілімі: 1 571
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.