Сайт мәзірі
» » Жері байдың елі бай

Жері байдың елі бай


Әуелі тәңірі жерге береді,
Жерге берсе елге береді,
Елге берсе ерге береді.

"Барар жерің Балқан тау,
ол да біздің көрген тау".

Бидай қырда, күріш Сырда,
Жемістердің ғажабы Жетісуда.

Бұрын қонған қоныс алады,
Кейін қонған өріс алады.

Генш* төбе, генш төбе,
өзіміздің пейіш төбе.                   (*Генш — кірпіш күйдіретін орын.)

Еділ ел болып келгенге су болады
            едірейіп келгенге у болады.

Екпесең жер қысырайды,
Күтпесең көл қысырайды.

Жақсы жерге жатсаң —
жақсы-жақсы түс көрерсің.
Жаман жерге жатсаң —
жаман-жаман іс көрерсің.

Жақсы жердің қадірін
қожасы емес құл білер.

Жақсы жер жан тынысы,
Жақсы өнер жігіт ырысы.

Жаман қоныстан жақсы жүріс артық.

Жапырағы қамқадай, топырағы торқадай.

Жасыл желек жердің көркі

Жемісті ағаш жер бауырлап өседі,
Жетелі жігіт ел бауырлап өседі.

Жер адамның бесігі,
Ел бақыттың есігі.

Жер алған — ер,
Жер сатқан — қара жер.

Жер — ана, мал — бала.

Жер астында жатқанды
қазбай-ақ қарап тіл табар.
Қойын-қойын сырыңды
түбінде келіп шын табар.

Жер байдікі, су сайдікі.

Жер байлыктың анасы болса, әкесі — еңбек.

Жер байлыктың көзі, еңбеккер иесінің өзі.

Жер бауыры жазық.

Жерге берсең — жер,
Бермесең — қара жер.

Жерге еткен жақсылық жерде қалмас.

Жерге түскен гүл болар,
Отқа түскен күл болар.

Жер дегенің алтын қасық кертіп жесең де таусылмас.

Жерден жердің несі артық? —
бір-ақ уыс шөбі артық.
Ерден ердің несі артық? —
бір-ақ ауыз сөзі артық.

Жерден жердің несі кем? —
егін шықса, гүл өссе.
Ерден ердің несі кем? —
уәдесін уәде етсе.

Жерден табылса аспанға секірме.

Жерді алдаған аш қалар.

Жердің бақыты тайса су сайға құлайды.

Жердің жарлысына ердің сорлысы қонар.

Жердің көркі орман, тоғай, бұлағы,
Елдің көркі кала, қыстақ, тұрағы.

Жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өмір аларсың.
Елдің тілін білсең, елге сыйлы болып жағарсың.

Жер екеш жер де ауырады.

Жер екеш жердің де құлағы бар.

Жер емген ел болады,
Жер қадірін білмеген елдің өмірінде ырысы кем болады.
Жер жарасты көрінер өзенімен, көлімен,
Ел жарасты көрінер еңбегі жанған ерімен.

Жер көнді жақсы көреді,
Ат жемді жақсы көреді.

Жер — казына, су — алтын.

Жер құнарын мал білер (Қорқыт).

Жер құтты болса, мал сүтті болады.

Жерлі құланды терлі құлан аударады.

Жермен келген жермен кетеді,
Желмен келген желмен кетеді.

Жер ортасы Көктөбе, жетем деп оған өктеме.

Жер тозса — тақыр,
Ер азса — пақыр.

Жер тойғаны ел тойғаны.
Жер тоқ болса сен де тоқ.

Жер тұсауы түнде алынар.

Жер шайқалса төбеге қатер,
Ел шайкалса төреге қатер.

Жер шаршаса өнім бермес.

Жер шежіресі — ел шежіресі.

Жер ырыстың кіндігі,
Еңбек ырыстың қызығы,
Білім ырыстың тізгіні.

Жері жуалының сөзі дуалы.

Жерім малға жай,
Елім жанға жай.

Жеріне қарай астығы.

Жеріне қарай егін ек,
Жолына қарай жегін жек.

Жеріне қарай жыланы,
Жасына қарай кұланы.

Жерінен айрылған жиде желге ұшар

Жерінен ауғанға жеті жыл қоныс жоқ.

Жерінен кеткен елге киындық,
Үйірінен айрылған малға киыңдық.

Жерін қорлаған жеріне сыймайды,
Елін қорлаған еліне сыймайды.

Жеріңді баптай білсең —
астықгы қаптай білесің.

Жеріңе жақсылық кылғаның —
тасты дей бер қырманың.

Жеріңнен аусаң жақсы атыіды тастап ау.

Жері семіздің малы семіз.

Жұрт жұтаса жұтық.

Келісті келбет ерде бар,
Қымбатты қазына жерде бар.

Көк шықпаған жер көтерем мал сияқты.

Көрмеген көлде білмеген құстың даусы естіледі.

Кара жерге кар жауар,
қарды көрген бір мұрат.
Қара жерден қар кетер,
жерді көрген бір мұрат.

Қара жердің қадірін
ойда-қырда сарт білер.

Кер құланның қадірін
ойда-қырда қақ білер.

Қара жер қарыз арқаламайды.

Қары бар жерде қаһар бар,
Кені бар жерде шаһар бар.

Қос қадірін жеккен біледі,
Жер қадірін еккен біледі.

Мекенінен безген құланның
кетеді басы сауғаға.
Жерінен безген ұланның
түседі басы саудаға.

Орыс жерінде орман көп,
өзен, сулы қорған көп.

Сүдігермен жүргеннің аты майрылар.

Сыр бойында малы бардың
Тәшкентте қарны тоқ.

Танымайтын жердің ой-шұқыры көп.

Тар жерде тамаша болма,
Кең жерге қорықшы болма.

Үңгір, үңгірде күңгір.

Шегараң берік болмай,
басыңда ерік болмайды.

Шөлді жердің отын киік білер,
Сулы жердің қадірін құлан білер,
Ұзақ жолдың сырын түйе білер,
Шытырманды тау қойнауын түлкі білер (Қоркыт).

Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Мақал-мәтелдер
|
Көрсетілімі: 18 591
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.