Сайт мәзірі
» » АРАПА НҰРҒАЗИННІҢ ЖҰМБАҚТАРЫ

АРАПА НҰРҒАЗИННІҢ ЖҰМБАҚТАРЫ

Бір ел бар күні-түні көшіп жатар,
Көш ішінде тіршілік өсіп жатар.
Қыс болса сырты аппақ тонға оранып,
Жаз болса киген тонын шешіп тастар.   (өзен)

Бір балам етпетінен жатып алып,
Жылайды аракідік шыр-шыр етіп.
Жылауын өз еркімен бір қоймайды,
Мен оны көтергенше қолыма алып. (телефон)

Пышақ, қасық, шанышқы ұстап қолға,
Жүретін от пен будың ортасында.
Кім екен маңдайынан тері шығып,
Пісірген дәмді тамақ қазанына? (аспаз)

Қонақжай әрқашанда есігі ашық,
Дейтүғын аталарым «алтын бесік».
Бұл өзі қандай мекен, малы өрісте,
Тұратын алқабында астығы өсіп? (ауыл)

Жан-жануар бәрінен ерте тұрар,
«Таң келді» деп әндетіп айғай салар,
Ерекше әні сұлу бұл кім өзі,
Басында әсем қызыл такия бар. (әтеш)

Жүрсе де шәрке киіп аяғына,
Шыдамды қыстың аяз, боранына,
Денесін мамықпен орап қойған,
Үстінде отырады екі бала. (түйе)

Су астында жатсада баспайтын тот,
Құны арзан шірімейтін бұл қандай зат.
Қыры ұстара жүзіндей осы затты,
Аңдамай басып кетсең болмайсын шат. (шыны сынығы)

Табиғаттан бір досты алдым қалап,
Түнде келіп болады ол маған қонақ.
Қона жатып жүйкемді іреттейді,
Содан соң жеңілденіп бойым қалады. (ұйқы)

Ризамын тым елгезек бір досыма,
Тұратын еңбек етіп бір орында,
Тек қана түн болғанда тыныстайды ол,
Жұрт жатып төсегіне ұйықтағанда. (есік)

Қоңыр қаз аулада жүр маң-маң басып,
Ұясына қажетті заттар тасып.
Бір ізбен барады да кері қайтады,
Белгіленген жолынан кетпей асып. (құрылыс краны)

Тегтер:
Қосты: Kz_ref_Mara
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Жұмбақтар
|
Көрсетілімі: 3 728
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.