Сайт мәзірі
» » Ыдыс-аяқ және басқа да үй жабдықтары туралы жұмбақтар

Ыдыс-аяқ және басқа да үй жабдықтары туралы жұмбақтар

Төңкерсең күмбез сынды,
Шалқайтсаң құдық сынды.
Жиегiнде қос құлағы бар,
Тiк көтерген үш бұтағы бар.   (Қазан)

Сыртын отқа қақтайды,
Одан басқа жақпайды.   (Қазан)

Құлағы бар қалқиған,
Аузы бар аңқиған.
Шығып алып ерте-кеш,
Төрт аяққа талтиған,
Қыздырады жалынға
Дәу қарынын қампиған.  (Қазан)

Иiнiнде құлағы,
Iшiнде бұлағы.
Көмейiне от салсаң,
Ызыңдап тұрады.   (Самауыр)

Құдықтың iшiнен,
Құдық көрдiм.
Бiрiнде – су қайнайды,
Бiрiнде – от жайнайды.   (Самауыр)

Күмiс күбi –
Ортасында құбыры бар,
Тесiк түбi.    (Самауыр)

Қақпағы бар, жез құдық,
Сусыны ыстық кез құдық.
Ортасында оқпаны,
Онысының от жаны.   (Самауыр)

От басады табаны,
Тек қана су тамағы.   (Құман)

Аузы төбесiнде,
Тұтқасы денесiнде.    (Құман)

Қалпағы бар,
Басы жоқ.
Тұтқасы бар,
Топсасы жоқ,
Аузы бар,
Тiсi жоқ.
Қарыны бар –
Кiшi тек,
Түтiгi бар –
Көшi көп.    (Шәйнек)

Отқа қойсаң елпiлдеп,
Быж-быж етiп тұншығар.
Тақиясы селкiлдеп,
Танауынан бу шығар.    (Шәйнек)

Басы құдық –
Сабы сырық.   (Ожау)

Сабы бар,
Басы шатыр.
Табысын өлшеп әкеп,
Құдыққа тасып жатыр.   (Қасық)

Көлшiкте жүзiп
Тұбiн шарлап шығады.
Қауғасы сүңгiп,
Балығын аулап шығады.    (Кепсер)

Ыстықты суытпайды,
Суықты жылытпайды.    (Термос)

Ұшы үшкiр, сабы бар,
Екi жүзi қайраулы
Бауы менен қабы бар,
Белде жүрер байлаулы.    (Қанжар)

Өткiр жүздi келедi,
Өте қажет құрал ол.
Тұтас затты бөледi,
Ұсақтап та тұрар ол.    (Пышақ)

Қорғаны дөңгелек,
Майда мен iрiнi,
Шығарар бөп-бөлек.    (Елгезер)

Бiреу есiгi,
Тұбiнiң
Көп-ақ тесiгi.    (Елгезер)

Шеңберлi есiгi бар,
Жүздеген тесiгi бар.
Iшiне кiргендердiң,
Ұсағы жол табады,
Iрiсi тор қабады.
Ыдыс-аяқ бөлмесi,
Тазалықтың көрмесi.    (Әбдiра)

Қынама бел толықша,
Тапал ғана бойы бар.
Адамдарға жолықса,
Таяқ жейтiн жайы бар.
Өзiнiң дәу аузы бар,
Түбi бiтеу, аяғы бар,
Дәндi түйер қауызы бар,
Шомбал таяғы бар.     (Келi мен Келсап)

Ағайынды төрт батыр,
Көтергенi бiр шатыр.    (Үстел)

Төртеу адамы,
Бiреу алаңы.    (Үстел)

Үстi жазық –
Төрт қазық.   (Үстел)

Мөлдiр түрi,
Шеңбер түрi.
Аузы тарлау,
Шыны күбi.   (Құмыра)



Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Жұмбақтар
|
Көрсетілімі: 13 340
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.