Сайт мәзірі
» » Тұңғиықтың тұрғындары туралы жұмбақтар

Тұңғиықтың тұрғындары туралы жұмбақтар

Өзi алып кемедей,
Дауылдан ықпайды.
Су шашып,
Телегей
Мұхиттан шықпайды.   (Кит)

Басы доғал,
Мұрты бар.
Аузы апандай,
Ұрты бар.
Түрi китке ұқсайды.   (Жайын)

Iлгегi бар дәу ұзын,
Керiп ашса ауызын,
Сәуле шашып тiстерi,
Судың кезген тереңiн,
Шақырады корегiн.    (Қармақшы балық)

Тұрқы қысқа, күшi мен
Қылығы бар орасан
Мықты сояу тiсiмен
Үлкендi де өзiнен
Қылғи салар жанаса.
Бiрақ
Жемi iшiнен
Көрiнедi қараса.    (Қара тажал)

Қауырсыны мұрт шетiнен,
Жүзедi тек шалқалап.
Шабақты су бетiнен
Оңай ұстар қалқалап.   (Қарабауыр жайын)

Қарасаң келбетiне
Тұмсығы найзадай.
Шығарып су бетiне,
Қанатын жайса жай,
Көрiнер кемедей,
Мұхитта телегей.   (Желкендi балық)

Тұмсығы – қайықтың күрегi,
Аузымен шөп сүзiп жүредi.  (Ескектұмсық)

Майшабақпен сыйыспай
Үйрiп жүрер басқара.
Тұлғасы ұқсас қайыстай
Шұбатылған таспаға.   (Белбеубалық)

Қапталған сүйектi сауытпен,
Қорықпас ешқандай қауiптен.
Сойдиған тiстерi қашаудай,
Қорегiн асаудай-ақ асайды-ай.   (Сауыттыбалық)

Тұла бойы толы ине,
Жауын көрсе ол неме,
Едiрейiп бүртiгi.
Бола қалар бiртүрлi.
Тұрған түсi көз көрiп,
Шыға келер өзгерiп.
Қарнын үрлеп алады,
Допқа ұқсай қалады.   (Тiкенқұрсақ)

Жалтыраған бауыры,
Құдды көмiр түтiгi.
Өзiнiң бар тәуiрi,
Сәуле шашар түтiгi.   (Үтiкбалық)

Қошқыл жолақты,
Ерiнi сағақты.
Бүкiл денесi –
Терек теңгесi.   (Жапырақбалық)

Суда өседi, өнедi,
Сыртқа шықса, өледi.   (Балық)

Кұмiспенен апталған,
Теңгеменен қапталған.   (Сазан)

Қомағайлық жасайды,
Шабақтарды асайды.   (Шортан)

Сұрқы бiр қарыс,
Итбалыққа ұқсайды.
Ұмтылғанда – жолбарыс,
Сүңгiп шабақ ұстайды.   (Сушылқара)

Жоны қара тақтайдай,
Бауыры аппақ мақтадай.
Мекендейдi мұз-қарды,
Сүйедi тек ызғарды.
Бұлғандайды, қашпайды,
Асықпайды, саспайды,
Мұз үстiнде билейдi,
Бiрақ белiн имейдi.    (Пингвин)

Сулы жердi мекендеп,
Құрлықта да секендеп,
Шыбын-шiркей аңдиды,
Жемге қашан жетем деп.   (Бақа)



Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Жұмбақтар
|
Көрсетілімі: 3 230
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.