Сайт мәзірі

ЖАЗҒЫТҰРЫ

Су ақты, жетті сәуір қырдан ойға, 
Секіріп арық-тұрақ кетті тойға 
Жас бала: «Жазғытұры туды»,-десіп 
Жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да 
Қуанып жан – жануар, алшаң басып 
Қалмады қайғы-уайым ешбір ойда 
Нұрлы Күн алтын нұрын шаша бастап 
Шықсын деп қысқы ызғар өткен бойға. 

Су ақса, тау жаңғырар сылдыр қағып 
Дәл сұлу бұрандаған шолпы тағып. 
Түрлі үнмен жаңа келген жылдың құсы 
Тұрғандай қобыз ойнап, әнге салып 
Ұлы бай жылқы қамап, қыл күзетер 
Белсенген жылқышыға ноқталатып 
Балалар етек түріп, зыр жүгірер 
Батпаққа бірін-бірі домалатып 
Қырдағы жылқышылар ұйқы көрмес 
Қолынан қулық бие құлындатып 

Май кірді, жер құлпырды, гүлдер жайнап 
Жібектей көкорайлар жатқан жайрап 
Сұлудай бұрандаған бұтақтарда 
Ән салып әр түрлі құс тұрған сайрап 
Суықтан тоңып өлген шыбын-шіркей 
Тіріліп, қанат қағып, быж-быж қайнап 
Аспанда күн күркіреп, от жарқылдап 
Жылы жел қара бұлтты тербеп айдап 
Уызға жаңа тойған жас құлынды 
Шыңғыртып, жылқышылар ұстап, байлап 
Азырақ күйлі шыққан қысыр тайын 
Балалар шапқыласқан, мініп жайдақ 
Қыс қысқан арық-тұрақ, жаман-жәутік 
Кетті ғой әлдеқашан тырақайлап 
Жаратқан жанға рахат жазгытұрды 
Шүкір қыл бір аллаға «Я, құдайлап». 
Тегтер:
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Жыл мезгілдері туралы
|
Көрсетілімі: 3 029
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.