Сайт мәзірі
» » Оқу-білім және оның құралдары

Оқу-білім және оның құралдары


Білімнен мол сый-асы,
Балғындардың ұясы.
(Мектеп)
***
Ақыл-ойдың шырағы,
Зәулім көктей шынары.
Биігіне бойлаған,
Қанбайды адам құмары.
(Білім)
***
Білімнің жол басшысы,
Шәкірттің қолбасшысы
(Мұғалім)
***
Шәкіртке жанашыр,
Мейірман кім, жаны асыл?
(Ұстаз)
***
Білімнің дәнін тереді,
Балаға тәлім береді.
(Ұстаз)
Ұшымен қазық
Тор көзді жазық.
Үстіне өттім,
Асыл сөз жазып.
(Дәптер)
***
Кішкене құдықтан,
Найза ұшты шыбығым,
Су ішіп құныққан.
(Сиясауыт)
***
Қабы сояу,
Діні – бояу.
(Қарындаш)
***
Қысқа таяқ діңі бар,
Шиырлаған ізінде
Сайрап тұрар тілі бар.
(Қарындаш)
***
Ойларынды аңсаған,
Асыл сөзді ақ алаңға,
Түсіруден шаршаған,
Мен емеспін әмәнда.
(Қалам)
***
Тіл жоқ өзінде,
Сөзі бар ізінде.
(Қаламсап)
***
Бар ойынды жиямын,
Ақ қағазға құямын.
(Сия)
***
Жұқа тақтай бөлшегі,
Ұзындықтың өлшемі.
(Сызғыш)
***
Елдері мен қаласы,
Ойпаты мен даласы.
Теп-тегіс тақтай-ды,
Өзені де ақпайды,
Тоғайы мен тауы бар,
Бұл не, өзің тауып ал.
(Карта)
***
Бір санға өсірді,
Өзі қалып орнында,
Бізді алға көшірді.
(Класс)
***
Төрт қырлы, өзі аппақ,
Тақтадағы ізі аппақ.
(Бор)
***
Қаласы бар, елі жоқ,
Даласы бар, шөбі жоқ.
Мұхиты бар, суы жоқ,
Орманы бар, нуы жоқ.
Шыңдары да теп-тегіс,
Құмдары да теп-тегіс,
Кең жазықтан әр түсті,
Шығыс пенен батысты –
Бар әлемді табасың,
Өзің таң боп қаласың!
(Географиялық карта)
***
Былғанышты жақтырмайды,
Ол бар жерде дақ тұрмайды.
Бірақ тағы өз үстінен,
Таза бір жер таптырмайды.
(Сорғыш)
 
***
Үстінде есігі,
Өзі орындық, әрі үстел,
Оқушылар бесігі.
(Парта)
***
Әңгіме, аңыз, ертегі,
Нотасы мен әні бар.
Суретін де көр тегі,
Қандай журнал бәрі бар?
(«Балдырған»)
***
Ілулі тұр кең алаң,
Керегімді мен одан.
Жазып алам көшіріп,
Сүртем сосын өшіріп.
(Тақта)
***
Оқуыма төреші,
Тоқуыма төреші.
Парақтасам байқалар.
Білімімнің өресі,
Онда және жазылған,
Кестем де бар келесі.
(Күнделік)
***
Доп сынды келбеті,
Онда бар түп-түгел,
Әлемнің әлпеті.
(Глобус)
***
Білім менен тәлім,
Парақты ашқанда
Беттерінен мәлім.
(Күнделік)
***
Оқу-білім аспабы,
Қоймасының бас қабы.
Бөлмесі де бірнешеу,
Тиегі бар ашпалы.
(Сөмке)
***
Көкқұтанша ақ айдында,
Бір аяқпен тұрады.
Тұмсығымен ол мұнда,
Шыр айналып шығады.
(Циркуль)
***
Қырық екі жауынгер,
Сапын түзеп тұрады.
Бүлдіршіндер
Қауымды ел,
Сырын терең ұғады.
(Алфавит)
***
Күміс алмұрт тілі бар,
Сыңғырлаған үні бар.
Шақыратын білімге,
Сағаты бар, күні бар.
(Қоңырау)
***
Денесі бар шыбықтан,
Темір тұмсық құдықтан,
Сусын алып ішеді,
Ойы із боп түседі.
(Қаламсап)
***
Бөлінгенді табыстырып,
Біріктірсе қабыстырып.
Жымдастырған жігін де,
Байқамасың түгін де.
(Желім)
***
Жақсыменен тең көрген,
Ата-ана да жөн көрген.
Орындықпын төңкерген.
(Төрттік)
***
Сансыз ойлар бетінде,
Сайрап жатыр бар тілде.
Қажетпін мен әр күнде,
Өшпейді бір әрпім де.
(Қағаз)
***
Қабат-қабат қатталған,
Асыл сөзбен апталған.
Парағы бар сөйлейтін,
Ол қазына өлмейтін.
(Кітап)
***
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы.
Жас балаға нұр шашқан,
Қандай кітап тіл ашқан?
(Әліппе)
***
Мектептің алтын орағы,
Зейінділер одағы.
Жақсы көрер бар бала,
Зерекке дос ол дағы.
(Бестік)
***
Ойды аяқтап қорытады,
Соңында доп тұрады.
(Сөйлем)

Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Жұмбақтар
|
Көрсетілімі: 13 946
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.