Сайт мәзірі
» » Техника, шеберхана құралдары және машина туралы жұмбақтар

Техника, шеберхана құралдары және машина туралы жұмбақтар

Құстан аумады,
Көкте заулайды.   (Ұшақ)

Тақылдатып таңдайды,
Егiндi тез жалмайды.
Дәнiн берер тазалап,
Өзi түк те алмайды.   (Комбайн)

Тоққа қоссаң зырылдйды,
Бiр бағыттан бұрылмайды.
Жуан жұмыр темiрдi,
Қырнап, жонып кемiрдi,
Өлшеп берсең кеседi,
Керек етсең теседi,
Артық болса қашайды,
Қажет тетiк жасайды.    (Станок)

Көктен көзiн алмайды,
Ғарыш сырын барлайды.   (Телескоп)

Жылжымалы баспалдақ,
Сатыларын бассаң нақ,
Не жоғары, не төмен,
Сырғимын да жетем мен,
Көздi жұмып, ашқанша-ақ.   (Эскалатор)

Жер қатпарын қашайды,
Тау да,
Сай да жасайды.
Қыршылдатып тiстерiн,
Топырақты асайды.   (Экскаватор)

Әкемнiң тор тайы,
Май жалап, су iшсе,
Тоқтамай жортады.    (Машина)

Жер асты даңғылы,
Көлiгiнiң зулаған.
Естiледi саңқылы.  (Метро)

Қатар жатқан қос бiлек,
Үстiнен келер күш үдеп.  (Темiржол)

Төбесiнде кiндiгi,
Жалғанған желiге.
Қабырғада күндiгi,
Нұр шашқан төрiне.  (Троллейбус)

Шымыр бiлек қайыспай,
Көтергенде ауыр жүк.
Тiк тұрады майыспай.   (Домкрат)

Бiрнеше тармақты,
Лақтырсаң қармақты.
Жүздiрмей тастайды,
Кеменi салмақты.    (Зәкiр)

Үш көздi батыр,
Жолды андып жатыр.  (Бағдаршам)

Құс ұясы секiлдi,
Үйшiгi бар биiкте.
Өрiлген қос кекiлдi,
Тұрар мойын иiп те.   (Кран)

Қарасаң,
Жай зат сияқты күшi кем,
Бiрақ та,
Бұтiндi қақ бөледi тiсiмен.  (Ара)

Орнатылған шығырға,
Қанаты бiр талмайды.
Тұрғанымен тұғырда,
Жел соңынан қалмайды,
Айналады зырылдап,
Жанармайсыз бiрақта.
Күнi бойы шырылдап,
Ұша алмайды жыраққа.   (Жел диiрмен)

Екi тас беттескен,
Жұтады бидайды.
Бiр дәнiн
Бiрақта,
Жеуге өзi қимайды.
Майдалап қайтадан,
Адамға сыйлайды.   (Диiрмен)

Маржан тiсi ақсиып,
Ызылдап ән шырқады.
Көк тiреген қақшиып,
Қарағайды қырқады.   (Ара)

Ағаш көрсе қышынар,
Сояу-сояу тiсi бар.    (Ара)

Күшi бiлiнбес жүзiнен,
Қақ бөлiнер әйнегiң.
Сынып өткен iзiнен.    (Алмас)

Мойны жар бермей,
Желкеден қыса бастайды,
Жөнге жүрместi,
Серендетiп жұлып тастайды.   (Кемпiрауыз)

Сабы бар жұмыр,
Ерiнi мықты.
Шегенi шымыр,
Суырып шықты.   (Кемпiрауыз)

Табанында тiлi
Жалап өткен жерiнiң
Болмайды мiнi.   (Сүргi)

Кедiр-бұдыр тақтайды,
Тегiстейдi тiлiмен,
Жеген асын татпайды,
Шығар желке түбiнен.   (Сүргi)

Болат түктi,
Көсеу мықты.
Тозаңдатып,
Темiрдi үктi.   (Егеу)

Есiктегi құлыпқа,
Ұя жасау — өнерiм.
Шаңырақтан уыққа
Үңгiр қазып беремiн.   (Қашау)

Аяғы үшкiр,
Басы доғал.
Ұрсаң шөгедi,
Ұрмасаң обал.   (Шеге)

Үшкiр қазық,
Дөңгелек қалпақты,
Бiрiктiрер бөлектi.  (Шеге)

Басы – құрыш,
Сабы – шырыш.  (Балға)

Қалпақты шымырды,
Төбесiнен ұрады.
Түзетуге қыңырды,
Дәйiм дайын тұрады.  (Балға)

Алақандай жоным бар,
Үстiне сап соғыңдар,
Жалыннан ап шалқыған,
Сом темiрдi балқыған.   (Темiртөс)

Айға ұқсас түрi бар,
Қатар өскен бiрi бар.   (Орақ)

Көп-ақ тiсi,
Күнi бойы шөп жесе де
Шықпайды iшi.    (Орақ)

Қылышты өткiр шайқадым,
Қырдың шашын жайпадым.   (Шалғы)

Басы – қылыш нұсқасы,
Сабында бар тұтқасы.   (Шалғы)

Сояудай әр тырнағы,
Шөптi жияр қырдағы.  (Тырна)

Қос жағы бар,
Бiр сабы бар.
Бассаң тiлiн,
Сарт етiп жабылар.  (Қақпан)

Қысқаштай сабы бар,
Қос садақ жағы бар.    (Қақпан)

Басып қалсаң түндiктi,
Шап етедi бiр мықты.   (Қақпан)

Ұра батыр,
Бұғып жатыр.   (Қақпан)

Тасты қияқ,
Батыл басар
Темiр тұяқ.   (Таға)

Қыздырып соқсаң иленедi,
Балға мен төстен именедi.   (Темiр)

Жалынды үрлеп шалқытады,
Темiрдi бiрлеп балқытады.    (Көрiк)

Қолға алсаң, қызмет етер,
Бүтiндi
Бөлшектеуге шебер.   (Пышақ)

Белбеуi шынжырдан,
Су тартады шұңғылдан.   (Шығыр)

Бiр басы – қамал,
Бiр басы жәй ашық,
Аяғы төртеу,
Алаңы – самал,
Жатқанға жақсы жайласып.   (Кереует)

Шайқап басын,
Бiр төмен, бiр жоғары,
Тұрса ол,
Тосын
Үйде самал соғады.    (Желдеткiш)
Тегтер:
Қосты: Mukhanov_Marat
|
Автор: автор көрсетілмеген
|
Бөлім: Жұмбақтар
|
Көрсетілімі: 13 612
Түсініктеме қосу
Ақпарат
Қонақтар тобында тұрған келушілер, осы жарияланымға түсініктеме қалдыра алмайды.